Өзбектер тағы өзгерді - БАҚ

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат - Не түлен түрткені белгісіз, ТМД көлеміндегі саяси-әскери ұйымдардан басын ала қашып, үрке қарайтын өзбектер аяқасты «Кедендік одаққа оң көзбен қараймыз, болашағы бар бұл ұйымға ену ойда жоқ емес» дегендей пейіл танытты.

Бұл туралы «Айқын» газеті кешегі сенбілік санында жазды.

Мұндай жылы сөзді өзбек парламентті Жоғарғы палатасының спикері Илгизар Собиров Ресей Федерациясы Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен келіссөз жүргізгенде тілге тиек етті. «Одақ», «ұйым» дегенде ат басын бұра тартатын ресми Ташкенттің «бұл қайткені?» деп таңғқалуға да болар еді. Бірақ «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп гәпіретін олар бұл жолы бастамасын Астана көтеріп, одан кейін Мәскеу мен Минск қолдап, дүниеге әкелген Кедендік одақтың болашақтағы мүмкіндігін пайымдай бастаған сынды. Әйтпесе мұндай сөзді ауызға алмас еді. Неге дейсіз ғой, бүгінгі күні 30 миллионға жетіп, шекарасынан асып төгілгелі тұрған Өзбекстан тұралап тұрған экономикасына қан жүгірту үшін Одақтың тиімділігін сезінген. Қолда бар өндірген өнімін сыртқа шығару үшін үлкен нарық керек. Сол аймақта жатқан Қытай мен Пәкстанға, Үндістан мен Иранға өзбектің тауары қажет емес. Сонда қайтпек? Әрине, 170 миллионның көлеміндегі адамы бар Кедендік одақ өзбек үшін ең оңтайлы сауда-саттық аумағы болмақ. Ресми Ташкент осыны кеш те болса түсінген сияқты. Оның үстіне Ресей мен Қазақстаннан нәпақасын тауып жүрген миллиондаған азаматтары тағы бар. Олардың да жолын байлағысы келмейді. Көп ұзамай Қырғызстан, Тәжікстан және Армения ал алыс болашақта бұл Кедендік одақтың құрамы Үндістан, Түркия, Сириямен толығуы мүмкін. Алыста жатқан Веьтнам да одаққа кіруге үмітті. Демек, Кедендік одақтың шеңбері кеңейіп, халық саны миллиард жарымнан асып түспек. Яғни тұтынушы саны күрт артпақ. Демек, тауардың өтуі ұлғаймақ. Мұны алашапандылар шотқа салып есептеп көрген секілді. Әзірге Ислам Каримов «Кедендік одаққа бізді де қабылдаңдар» деп одақтың есігін қақпаса да, айналасындағылар арқылы өз ниетін сыртқа жария ете бастағанға ұқсайды. Алайда Кедендік одақ жөнінде жылы пікір айтқанымен, Өзбекстан Сенатының Сыртқы Істер жөніндегі комитетінің басшысы Садық Сафаев: «Өткен жылы Сенат Өзбекстанның сыртқы саясаты туралы тұжырымды бекіткен. Онда Өзбекстанның ешқандай әскери-саяси ұйымға кірмейтіні тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Бірақ екі жақты қарым-қатынас орнатуға жол ашық» дейді.

Бір еске сала кетер жайт, Өзбекстан ТМД көлемінде 1992 жылы құрылған Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымына бірнеше мәрте еніп, қайта тастап шыққан. Садық Сафаевтың айтып отырғаны да осы. Осы орайда өзбекке саяси ұйымнан гөрі, халқын асырайтын одақ тиімді секілді. Яғни қарын қамы қымбаттырақ па деп қаласың.