Өзге өркениет бар ма? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 13 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

Бүгінде жергілікті атқару органдарының басты міндеті бірінші қажетті тауарларға бағаның негізсіз өсуіне және өңірлердегі валюта айырбастау пункттеріндегі алыпсатарлық дүрбелеңнің орын алуына жол бермеу. Бұл туралы кеше селекторлық режімде өткен кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев айтты деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында.

Басылымның мәліметінше, кеңес жұмысына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері қатысты.

Бірінші вице-премьер әкімдіктерге сауда нүктелерінің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етуді, әлеуметтік маңызды тауар түрлері мен ЖЖМ бағаларына күнделікті мониторинг жүргізуді, пайда болған проблемаларға тиісті заңды санкциялар қолдануға дейін барып, шұғыл үнқатуды тапсырды.

Сондай-ақ, әкімдіктерге Ұлттық банк филиалдарымен бірлесіп қаржы рыноктарындағы жағдайды мұқият қадағалау және валютаның айырбас бағамының Ұлттық банк белгілеген өлшемдерден ауытқуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Қалыптасқан жағдайда өңірлік тұрақтандыру қорлары азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыруда ықпалды құрал болып табылады, деп атап өтті Б.Сағынтаев.

Тұрақтандыру қорлары қызметі мәселелерін жалпы үйлестіру ӨДМ-ге жүктеліп, оған ахуалды және әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мониторингі бойынша ЭБЖМ және БҚА-мен тығыз байланысты қамтамасыз ету тапсырылды.

Ішкі рынокты азық-түлікпен қамтамасыз ету және өңірлердегі азық-түлік тауарлары өндірісінің балансына қадағалау жасау Ауыл шаруашылығы министріне жүктелді.

Осы орайда Премьер-Министр Серік Ахметовтің тапсырмасы бойынша өңірлердегі оперативті ахуалға бақылау жасау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктелгенін еске сала кету қажет. Мақала «Өңірлердегі ахуал назарда ұсталады» деген тақырыппен берілген.

Дамушы елдердің ұлттық валюталарына тән жағдай біздің ұлттық валютамызды да айналып өтпеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ұлттық валютамыздың айырбас бағамын бірқалыпты деңгейде ұстаудан бас тарту, валюталық интервенция көлемін төмендету және теңгенің айырбас бағамының қалыптасу үрдісіне араласуын шектеу туралы қабылдаған шешімі кешелі бері халық арасында қызу пікірталас туғызуда, деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қаржы кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Маия Арзаева «Бұл шараның экономикаға оң ықпалы бар» деген мақаласында.

Автордың пікірінше, экономиканың, оның ішінде қаржы нарығының күрт өзгеруіне жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі 3 теңге көлемінде ауытқуын ескере отырып, теңгенің АҚШ долларына шаққандағы арақатынасын 185 теңге мөлшерінде белгіледі. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің ресми келтірген мәліметі бойынша 2012 жылға қарағанда 2013 жылы төлем балансының профициті 5,4 есеге қысқарған. Теңге бағамын түзету туралы шешім қабылдауға бұл да өзіндік негіз болды деп айта аламыз.

Ұлттық валюта бағамының тосыннан өзгеруі, әрі «көш жүре түзеледі» дегендей, уақыт өте келе нығаюы ұзақмерзімді перспективада экономикаға оң ықпал жасайды. Ел Үкіметі тиісті шаралар кешенін жүзеге асырса, бұл мультипликативтік әсерге ие болады. Бұл тұрғыдан ел Үкіметінің қарап қалмай жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Ұлттық валютамыздың нығаюы өнеркәсіп өндірісінің, инвестицияның, жұмыспен қамту деңгейінің, нәтижесінде ішкі жалпы өнім мөлшерінің өсуіне әсер етеді. Себебі, бұл ең алдымен капиталдың кетуіне шектеу қояды. Ағымдағы сыртқы экономикалық конъюнктура мен макроэкономикалық жағдай үшін қалыпты құбылыс болып танылатын бұл үдеріс отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін қолдау аясында әрі алтын-валюта қорының төмендеуінің алдын алу, экспорт пен импорт алмастыратын сала кәсіпкерлері үшін өте тиімді. Кеден одағы шеңберінде отандық өндірушілерді экономикалық тұрғыдан қолдау барысында өте қажет тетік, дейді экономика ғылымдарының кандидаты.

***

Бір замандарда әйелдер күйеуінен таяқ жеп, көкала болып жүретін. Сол кезде бұл қазақ қоғамы үшін үйреншікті құбылыс секілді көрінетін бізге. Жеңгелеріміздің таяқ жегенін талай мәрте көзбен көрдік, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөміріндегі «Адуынды арулар» атты мақаласында. Басылымның атап өтуінше, капиталистік елдерде, керісінше, әйелдерінен таяқ жейтін еркектердің саны еселеп артқан. Британияда тұрмыстық зорлықпен айыпталған әйелдердің саны соңғы бес жылда екі есе көбейген. Ерлердің құқығын қорғайтын «ManKind» қайырымдылық ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, күйеулеріне күш жұмсаған нәзік жандылардың саны былтыр 4 мыңға жақындаған. Ал 2005 жылы жәбірленуші еркектердің саны 1500 ғана болған.

Бұл құбылыс Қазақстанда да көрініс бере бастаған. Күйеуін тастап, өзгенің етегінен ұстағандар да, бар мүлкін тартып алып, далаға тастаған, балаларын шулатып, қашып кеткен әйелдер жеткілікті. Алиментін төлемейтін арулар да бар. Қысқасы, бұл төңіректе сөз қозғағанда, өзекті өртейтін әңгіме көп.

Басылымның мәліметінше, тосын мінез бен тез ашуланатын арулар мінезі жұмсақ құрбылырына қарағанда, тез қартайып, ертерек көз жұмады екен. Бұл құбылысты Питтсбург университетінің ғалымдары дәлелдепті (АҚШ). Доктор Хилари Тиндлдің жетекшілігімен білікті мамандар 100 мың әйелді бақылауға алған. Арулармен жүргізілген күрделі психологиялық сауалнама 8 жылдық зерттеулердің қорытындысын дәл шығарып берді. Қырсық мінез, салыңқы көңіл күй қан қысымын көтеріп, қандағы холестерин мөлшерін де шамадан тыс арттырады. Ертеңіне сенімді адам жүрек дертіне 9 пайыз аз ұшырайды әрі олар өзгелерге қарағанда, дүниеден кеш өтеді. Өмірдің өзін новеллаға айналдырған, езуінен күлкі кетпейтін шуақты жандар дертке де сирек тап келеді. Ал ашуы бетіне шығып тұратын арсыздау әйелдер жиі науқастанып, жарық дүниеден ерте өтеді.

Он сегіз мың ғаламның құпиясы әлі ашылған жоқ. Әзірге ашылуыда мүмкін емес. Өйткені адамзат баласы қиядағыны қағып түсетіндей зор мүмкіндіктерге ие бола қойған жоқ, деп жазады «Айқын» газеті «Өзге өркениет бар ма?» деген мақаласында.

Басылымның атап өтуінше, мамандардың есебіне сүйенсек жат жұрттықтардың кемесі жер бетінде 86 рет апатқа ұшыраған екен. Әсіресе әлемге кеңінен танымал болған 1947 жылы АҚШ-тың Нью-Мексико шататындағы Розуэлл шаһарының маңына құлаған бөгде ғаламшар иелерінің кемесі.

1716 жылы 2 сәуірде Ресейдің Санкт-Петербор қаласына жақын жерде аспанда екі белгісіз нысан соқтығысып қатты жарылыс болған. Бұл жөнінде қала мұрағатында өте қызықты деректер сақталған. Сондай-ақ, Францияда да, АҚШ-тың Техас штатында да осындай оқиғалар тіркелген.

Ал 1908 жылы тайгага құлаған Тунгус меториті жөнінде алып-қашпа әңгіме тым көп. Дегенмен, соның ішінде мына бір болжам көңілге қонатындай. Тунгус меторитін түпкілікті зерттеген неміс ғалымдары оны аспан денесі емес, бөгде жұрттың ғарыш кемесі деген болжам жасады. «Бұл - табиғи түзелген аспан денесі емес, жақсылап өңделген ғарыш кемесінің бөлігі. Сондай-ақ, дененің жерге соқтығысатын кезіндегі жылдамдығы не бәрі секундына 2-3 шақырымды құраған. Ал ол метеорит болатын болса секундына 50-60 шақырды алатын жылдамдықпен құлауы тиіс еді». Неміс ғалымдары осылай дейді. Бұлтартпас айғақты қолға ұстап отырған Оларға қарсы дау айту мүмкін емес-ау. Дәл осындай белгісіз нысан 1937-1938 жылдары германия территориясына да құлаған. Басында Гитлер тұрған Үшінші Рейх құлаған ғарыш кемесін жасырын күйде ұзақ зерттеп, соғыс уақытында «ұшатын табақшадан» аумайтын айырплан жасап шығарғаны бар. Онысы іске асты ма, жоқ па? Белгісіз. Әлі күнге Үшінші Рейхтың ғажайып ұшатын табақшалары жөнінде қаңқу әңгіме көп.

Ал мұндай жат жұрттықтардың кемесі қазақ жерінеде бірнеше мәрте апатқа ұшыраған. Әсіресе 1972 жылы Балқаш маңына құлаған (ол жерде атақты Саршаған полигоны тұр) ұшатын табақша жайында сол кездегі КСРО әскерилері арасында үлкен әңгіме болғаны рас. Өйткені КСРО Қорғаныс министрлігі «Бұл - АҚШ-тың әрекеті. Біздің үстімізден барлау жасады. Ұшатын аппарат солардікі» деп соқты. Өйткені ол полигонда жаңадан жасалған баллистикалық зымыран сынақтан өтіп жатқан-ды. Артынан бірлескен зерттеу барасында ғарыш кемесі жалпы адамзат қолынан шықпағаны, өзге ғаламшардан келгені анықталды. Апатқа ұшыраған ғарыш кемесінің қалдығы Мәскеуге әкетіліп, арты жұмбақ болып қалған.

1995 жылы АҚШ жер серігі шексіз ғаламның бір қиырында ұшып бара жатқан бірнеше белгісіз нысанды суретке түсірген. Олардың кейбірінің үлкендігі 350 шақырымға жеткен. Ал кейбірі одан да үлкенірек екен. Бұл не сонда? Аспан әлемінен бөгде өркениетті іздеп жүрген астрофизиктер Жерге қарай жақындап келе жатқан алып нысандарды байқаған. Олардың үлкендігі 300-ден 500 шақырымның көлемінде екен.

Бұйырса, бұл белгісіз ғарыш нысандары 2014 жылдың ортасында Жерге жететін көрінеді. Белгісіз тіршілік иелерімен қандай қарым-қатынас болмақ? Ол енді болжап болмайтын дүние.

Әрине, ғаламшараралық соғыс бола қоймасы анық. Егер де олар да сондай арам пиғыл болғанда баяғыда-ақ жерді жойып жіберер еді. Бұл - ақиқат. Олар үшін біз дамудың әлі күнге алғашқы сатыларында жүрген, «қола дәуірінің» адамдарымен парапармыз. Мысалға екі ортада соғыс бола қалса, адамдармен жәндіктердің айқасына ұқсап қалар еді. «Жәндіктер» - біз, ал адамдар деп тұрғанымыз - өркениет иелері. Дегенмен, түбі бір бөгде ғаламшар тұрғындарымен қарым-қатынас орнары анық. Бірақ қай бағытта, қашан? Әзірге біз жануарларға қалай түрлі тәжірибе жасап, бақылауға алсақ, дамыған жатжұрттықтар да сондай бізге көзқараспен қарап, жер шарын өз бақылауында ұстап отырғаны анық. Бұл - дәлелденген дүние, дейді басылым.