— Қарапайым адам мен құтқарушыға психологиялық көмек көрсетудің айырмашылығы неде?
— Басқа саладағы азаматтар мен құтқарушыларға психолог болудың өзіндік айырмашылықтары бар. Мысалы, қарапайым адам жақын адамынан айырылып қалса, оның жерлеуі мен басқа да рәсімдері өткеннен кейін ғана психолог маманға жүгініп, жан-жарасымен жұмыс істейді. Ал құтқарушылар барлық эмоцияны сол болған оқиға үстінде сезеді және ары қарай жұмысын бірқалыпты жалғастыра беруі тиіс. Яғни, құтқарушыларға қайғылы оқиғаны басынан өткергеннен кейін оны ұмытуына уақыт берілмейді.
Олар өз бастарын қатерге тігіп, қиын жағдайдағы адамдарды құтқарады. Кейбір мінезі жұмсақ құтқарушылар мұндай оқиғаларды жүрегіне жақын қабылдауы мүмкін. Ауыр жағдайларды көре-көре адамның мінез-құлқы, көзқарасы өзгеруі ықтимал. Тағы бір ерекшелігі, ТЖД қызметкері қайтыс болған адамды, өз өмірін қиюға бекінгендерді күн сайын дерлік көреді. Ал қарапайым азаматтар мұндай жағдайларға сирек ұшырасады.
— Құтқарушылар қандай психологиялық ауыртпалықтарға жиі тап болып жатады?
— Құтқарушыларды саналарын торлаған психологиялық қысымды өздері тізгіндей алатын нағыз ержүрек, батыр азаматтар деп айта аламын. Ішкі түйсіктерінің мықты болғаны соншалық, психолог көмегіне де жүгіне бермейді. Жұмыс тәжірибемде жас құтқарушылардың қорқыныш сезімімен жиі кездесіп жатамын. Оларда қараңғыдан, жабық мекемелерге кіруден, биіктіктен қорқу сынды эмоциялық сезімдер басым болады.
— Сонда құтқарушылар өз эмоциясымен қалай жұмыс істейді?
— Біз құтқарушыларды зардап шегушілермен жұмыс істеп қана қоймай, өз эмоциясына ие болуға да үйретеміз. Оқыту тренингтері мен брифингтер өткіземіз. Әрбір қызметкер аяқ асты туындайтын қайғылы оқиғаларға дайын болуы керек. Кәсіби тұрғыда құлдырап кетуге еш уақытта жол берілмейді. Олар бос уақыттарында ішкі энергиясын шығару үшін бассейнге, спортзалға барады. Жақындарымен бірге уақыт өткізу де жанға жайлылық, көңілге тыныштық сыйлайды.
Жас құтқарушы оқиға орнында қаза болған адамның денесін, жол апатында жаралы немесе өлім аузында жатқан адамдарды көргенде өзін басқара алмай қалуы мүмкін. Тәжірибелі құтқарушылар мұндай жағдайларда салқынқандылық танытады. Эмоцияны басқару тәжірибемен келетін дүние.
— Құтқарушылар тұйықталып, психологқа жан сырын ашпай қоятын кездер бола ма?
— Психолог көмегіне жүгінуді кейбіреулер әлсіздік деп санап жатады. Сол себепті бірден бізге келмейді. Иә, олардың іштей тұйықталып қалатын кездері де болады. Менен жеке кеңес алмаса да, осындай сұрақтарды тренигтерде қозғап, ақпарат беруге, қолдауға тырысамыз. Жиындарда олар сұрақтарын қойып, сол жерде жауап алады.
— Психологиялық тұрғыда шыдамай жұмыстан кетіп қалған құтқарушылар жиі кездесе ме?
— Түрлі төтенше жағдайларға тап болған адамдар сан алуан эмоцияны бастан кешіреді. Біреу есінен адасса, екіншісі ашу шақырып, үшіншісі агрессия танытуы мүмкін. Осындай жағдайларда құтқарушылардың салқынқанды болуы маңызды. Екі жылдың ішінде жас мамандарда төзімділік қасиет қалыптасуы керек. Құтқарушы мамандығы жауапкершілігі жоғары, физикалық-моральдық тұрғыда көп күш-қуат жұмсалатын жұмыс. Бізге тек өз қара басын емес, басқаларды ойлайтын, жанашыр жандар қызметке келеді. Егер оған өзгеге көмек көрсету маңызды болса қызметін ары қарай жалғастырады. Сондықтан жұмыстан кетуге тек психологиялық осалдық емес, ішкі ұстанымдардың да әсері бар деп санаймын.
— Құтқарушылар маңызды миссияны орындап жатқандарын қаншалықты түсінеді? Осы жауапкершілікті сезінуге психолог көмектесе ала ма?
— Әрине, әр құтқарушы оқыс оқиғалардың бел ортасында жүргенде өзінің жауапкершілігі зор екенін сезеді. Жаңа айтқанымдай, ТЖД-ға адамдарға көмек қолын созуды бірінші орынға қоятын жандар жұмысқа тұрады. Біз психолог ретінде оларға эмоцияны басқаруды, оқиғаны ауыр қабылдамаудың жолдарын ғана үйретеміз. Ал жауапкершіліктің жоғары болуы — ол адамның табиғатына, мінез-құлқына байланысты болса керек.
— Өзіңізге бұл жұмыс несімен ұнайды?
— Біз тек құтқарушыларға көмек беріп қана қоймай, түрлі оқиғаларға да барып жатамыз. Әр шақыртуға барғанымыз өзінше бір оқиға. Көп жағдайда құтқарушылармен бірге суицид жасамақ болғандарды райынан қайтару үшін жолға шығамын. Ауа райының қолайсыздығана қарамастан көпір шетіне, шатыр үстіне шығуға тура келеді.
Ең бастысы, құтқару процесі жеңіспен аяқталса болды. Сондай кездерде бізден бақытты адам жоқ. Жұмысты енді бастаған кездегі оқиғалар әлі есімде. Енді ғана практик-психолог болып жүргенде өзіне қол жұмсамақ болған жігітке көмек көрсеттім. Алғашқы шақыртуым сәтті аяқталып, ары қарай жұмыс істеуге құлшынысым арта түсті.
Психолог жұмысының ұнайтын тағы бір тұсы — адамдарға эмоциялық қолдау мен шынайы көмек беру. Азаматтарға және құтқарушыларға өз көмегіңді тигізгеннен кейін жұмысыңның жемісін көру — зор қуаныш. Адамдардың өмірі қалыпқа келіп, жүздерінде күлкі үйірілуі бізге күш береді.