Озық технологияға арқа сүйеген ел озады - жаркенттік жас диқан

Жетісу облысының Панфилов ауданындағы «Әйгерім» шаруа қожалығы өңірде алғашқылардың бірі болып егістікке ылғал сақтау технологиясын енгізген. Қазір озық технология өзінің жемісін беріп отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Кейіпкердің жеке архивінен

Кейіпкермен арадағы әңгіме жүгері жинау науқанының қызып тұрған шағына тура келіп қалды. Әуелі сұхбаттасқысы келмегендей рай танытты. Тіпті, кейіпкеріміздің шешіліп сөйлеуге уақыты жоқ екені дауыс ырғағынан-ақ байқалғандай еді. Өзімізге қажетті мәліметті білуге мүдделі болып, біз де мазалап қоймаймыз. Шынымен, дәл қазір Жаркент өңірінде күн райы мизамшуақ болып тұрғанымен, қара суық пен қар аралас жаңбырдың хабары алаңдатып-ақ тұрған. Ал диқандар үшін әр сәт қымбат, орылған жүгеріні кептіріп, қоймаға тасып үлгеру керек.

«Әйгерім» шаруа қожалығының басшысы Ұлан Сарпековтің кейінгі 11 жылдағы қауырт тірлігі осы екен. Маңдай термен өскен егінді төкпей-шашпай жинау алу үшін күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан бас тартуға дайын.

Жалпы, Жетісу облысындағы Панфилов ауданының тарихында жүгері өсіруші диқандардың аты алтын әріппен жазылған. «Дала аруы» атанған дақыл егістігіне қазір де басымдық беріліп отыр. Биыл ауданда 26 750 гектар алқапқа жүгері егілген екен. Ұлан Нәбиұлы бастаған «Әйгерім» шаруа қожалығының егіс алқаптарында өсіп, өнген жүгері дәні осы цифрдың жуан ішіне кіріп те тұр.

– Шаруашылықта мал азығына және тұқымға арналған жүгері түрлері, сол сияқты попкорн жүгерісін өсіреміз. Жүгері өсіруде ылғал сақтау технологиясын енгізудің маңызы зор. Осы ретте 2022 жылы алдымен 55 гектарға тамшылатып суару жүйесін енгізіп, әр гектарынан 150 центнерге дейін өнім жинадық. Биыл тағы 101 гектарға осындай құрылғылар қойдық. Бұл ретте су үнемдеу технологиясын орнатуға жұмсалған шығынның бір бөлігі мемлекет субсидиялайтыны да едәуір көмек. Қазір күзгі жиын-терін науқаны қызу жүріп жатыр. Өнімділік былтырғы шамадан кем болмас, – деді Ұлан Сарпеков.

Анықтама:

Ұлан Нәбиұлы Сарпеков

1981 жылы, 23 қарашада Жетісу облысының Панфилов ауданындағы Үлкеншыған ауылында туған.

Тұрар Рысқұлов атындағы Экономика институтын бітірген.

2012 жылдан бері «Әйгерім» шаруа қожалығын басқарады.

«Аманат» партиясының мүшесі.

Панфилов аудандық мәслихатының депутаты.

Фото: Кейіпкердің жеке архивінен

Шаруа жайын айтқанда манадан сөзге сараңдау көрінген диқан шешіліп сала бергендей. Жастайынан еңбекке етене араласып, ауылдың тыныс тіршілігімен біте қайнасқан кейіпкеріміз қазір ауыл шаруашылығының дамуына қатысты жылт еткен жаңалықты қалт жібермейді екен.

Әсіресе, егістік пен мал басын көбейтуде ескі әдістен бас тартып, заманға сай озық технологияның өндіріске көптеп енуін жан-тәнімен қолдайды. Осы жолда ізденіп, білімін жетілдіріп, іскерлік байланыстарды жолға қойып жүр.

Өз шаруашылығындағы егіс алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы жүгерінің өнімділігін екі есе арттырған. Екі жылдың ішінде 156 гектар жерге ылғал сақтау технологиясын енгізу мақсатында жалпы сомасы 270 миллион теңге инвестиция тартты. Нтижесі жоқ емес, бұған дейін жүгерінің әр гектарынан 70 центнерден өнім алынса, тамшылатып суаруды қолданудың нәтижесінде әр гектарына 150 центнерге дейін өнім алуға мүмкіндік туған.

Тамшылатып суарудың израильдік технологиясын Жаркенттегі шаруа қожалығына алматылық «Ирригатор Казахстан» компаниясы орнатып берген. Және осы компания жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін әлі күнге қарқынды түрде сүйемелдеу жасап келеді екен. Сонымен қатар компания мамандары су сорғы стансысында қалай жұмыс істеу керектігін шаруашылықтағы жұмысшыларға арнайы үйретіп, қолғабыс етуде.

Фото: Кейіпкердің жеке архивінен

Ұлан Сарпектовтің айтуынша, жүгері шаруашылығымен қатар қазақтың биязы жүнді қойын өсіру де қалға алған. Бұл ауыл адамдарын қосымша жұмыспен қатуға мүмкіндік беріп отыр. Қазір «Әйгерім» шаруа қожалығында жалпы саны 15 адам тұрақты негізде жұмыс істейді. Ал маусымдық науқан кезеңде жұмысшылар саны 40-қа жуықтайды.

- Біз өткен екі жылдың ішінде 156 гектар жерге ылғал сақтау технологиясын енгізіп, оған жалпы сомасы 270 млн теңге инвестиция құйдық. Ғылымның аты – ғылым. Нәтижесі біреден білінді. Мысалы, бұған дейін жүгерінің әр гектарынан 70 центнерден өнім алып келсек, тамшылатып суаруды қолданудың нәтижесінде әр гектарына 150 центнерге дейін өнімге қол жеткіздік. Тиімді ме? Әрине. Шығын аз, қол еңбегі жеңілдеді. Ал өнімділік артты, - дейді Ұлан.

Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығын дамыту үшін көп айтылатын қызыл сөз бен бітпейтін жиналыстардан гөрі нақты нәтижесін беретін әрекеттер қажет-ақ. Мемлекет сәл демеп, ғылымыи негіздеп жолын көрсетіп жіберсе, ауылдағы ағайынның өзі-ақ озық технологияға ие артатын сөзсіз. Мұндай қолдау егін шаруашылығына да, мал шаруашылығына да үлкен көмек болар еді. Әсіресе, егістікті сапалы тұқыммен қамту, мал басын асылдандыру сияқты жұмыстарға ширақтық керек.

Биыл диқандар үшін дайын өнімнің өткізу құны төмендеп кетіп, үлкен уайымға салғаны жасырын емес. Оның ішінде жүгері бағасы да арзан болып тұр. Негізінен осы дақылды өсіретін жаркенттік шаруалар еңбегіміз ақталмай қала ма деп алаңдайды.

Фото: Кейіпкердің жеке архивінен

 

- Жүгері өсіруді ата кәсібіміз десек те болады. Егер еккен жүгеріміз жақсы шығып, өнімді діттеген бағаға өткізсек, онда маңдай теріміздің ақталғаны. Бұл дегенің егістікке жаңа технология енгізуге жол ашады, шаруашылыққа жаңа техниа сатып алуға мүмкіндік береді. Жұмысшылардың да жағдайын жасаймыз. Бірақ, биыл жүгері бағасы төмен. Осы алаңдатады. Былтыр өткізген жүгерінің әр килосы үшін 126 теңге төленген болатын. Биыл зауыт жүгеріні 15 пайыз ылғалдылықпен 80 теңгеден қабылдап жатыр. 15 пайыз деген жоғары сапалы жүгері. Пайызына қарай құны да өзгереді. Мысалы, 15-22 пайыз ылғалдылықпен өткізген өнімге 75 теңге, ал 22 пайыздан жоғары дәнге 70 теңге ғана төленуде. Тек шығынға батып қалмасақ екен,- дейді уайымын білдірген Ұлан Нәбиұлы.

Айтпақшы, ауылдастары Ұлан Нәбиұлының қолы ашық, жомарт жан екенін айтады. Ауылдағы көп балалы отбасыларға, басқа да мұқтаж жандарға үнемі қол ұшын созып келеді екен. Жеке адамдарға, мешітке көмек көрсетуді парыз санайды. Әсіресе, пандемия кезеңінде Жаркентегі ауруханаға барынша қолдау білдірді. Сол кезде аймақта бастау алған «Біргеміз!» қайырымдылық акциясының басы-қасында жаркенттік жас кәсіпкер Ұлан Сәрпеков те жүрді. Мұны да бізге кейіпкеріміз емес, ел айтты.