Әр ғарышкер үшін оның жерден ұшқан күні мен жер бетіне оралған күні - ғарыштық өмірінің тарихынан хабардар ететін ерекше күндер. Талғат Мұсабаевтың айтуынша, ол ұзақтығы жер бетіндегі бір жылға татитын үш ғарыштық ғұмыр сүру бақытына ие болды. Осыған орай, біз Ресей Батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, ҚР Ұлттық ғарыш агенттінің төрағасы Талғат Мұсабаевтан 16 жыл бұрын болған өзінің өміріндегі ең ұзақ әрі күрделі екінші рет ғарышқа ұшуын еске түсіруін өтінген едік. - Талғат Амангелдіұлы, сіз тұңғыш рет ғарышқа 1994 жылы Қазақстан Республикасының азаматы және Ресей Федерациясының әскери қызметкері ретінде ұштыңыз. Сіз ғарышқа аттанар алдында Президенттер Н.Назарбаев пен Б.Ельцин осындай шешім қабылдаған еді. Ал, үш жылдан соң сіз екінші рет ғарышқа халықаралық ғарыш экипажының командирі ретінде ұштыңыз. Бұл қалай болды? - Мен 1994 жылы ғарыш кеңістігіне алғаш рет бет алған сәтте-ақ екінші рет ұшатынымды білдім. Сол кезде мен келесі ұшқанымда тәжірибе жинақтап, тиімдірек жұмыс жасай алатынымды түсіндім. Әрі, Ресей мен Қазақстанның ең жоғары марапаттарын - Ресей Батыры мен Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы атақтарын иеленген соң ғарыш саласына барынша еңбек сіңіруді мұрат еттім. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ғарышқа алғашқы ұшу бағдарламасының орындалуы туралы баяндамамнан кейін бірден айтқаным есімде. Мен Елбасына менің еңбегімді бағалағаны үшін және Отаныма зор мәртебемен оралуыма тілектестік ниетін білдіргені үшін алғысымды білдірдім. Одан соң Мемлекет басшысынан ғарышкерлер жасағында қалып, экипаж командирі ретінде дайындық жүргізуге рұқсат сұрадым. Елбасы бұл өтінішімді мақұлдады. Бұл әңгімені мен Мәскеуге оралған соң ғарыш ведомстволарының басшыларымен кездескен сәтімде де қозғадым. Мәселен, Мемлекеттік комиссия төрағасы генерал-полковник Владимир Иванов маған бірден экипаж командирі ретінде келесі ұшуға дайындала бер, сенің бойыңда оған тән қасиеттердің бәрі бар, деді. Алайда, Ресейдің Ғарыш туралы заңына сәйкес, ғарышқа аттанатын ғарыш кемесінің командирі тек Ресей азаматы болуы тиіс екен. Сол сәтте мен бұл жағдайда не істеуім керектігі жайлы ойлана бастадым. - Айтпақшы, Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабында бұл туралы егжей-тегжейлі жазылған. Бұл жайтты Президенттің өз сөзімен сипаттаған жөн болар. «Қазақстанның ғарыштағы жетістіктері туралы айтатын болсақ, Ресейдің Батыры және Қазақстанның Халық Батыры, екі елдің ұшқыш-ғарышкері Талғат Мұсабаевтың рөлін ерекше атап өткім келеді. Оның ғарышкер болып қалыптасу тарихы Байқоңырдың тарихын таң қаларлықтай етіп қайталайды. Өзі қазақ - ол ғарыштағы жұмыстарды жалғастыру үшін Ресей азаматтығын алды. 1994 жылғы бірінші ұшуынан кейін орбитада бортинженер ретінде жарты жылдық вахтада болған Талғат Мұсабаевқа Юрий Маленченкомен бірге Ресейдің жоғары наградасы тапсырылды. Екінші рет ұшуға дайындалу қарсаңында ол менімен ақылдасты. Талғат экипаждың командирі болып ұшқысы келді, бірақ ол үшін «Ғарыш туралы» Ресей Федерациясының Заңына сәйкес оған Ресейдің азаматтығын алу керек болды. Оның бірінші ұшу сапары кезінде жүргізген ғылыми эксперименті әр қарай жалғастыруды қажет етті. Дәлел аз емес еді, бірақ Талғатты азаматтықтың этикалық жағы қатты ойландырды. Мен оның күдігін сейілттім: «Сен бұрын да қазақ болатынсың, қазір де қазақсың. Қазақстанның ғарыш бағдарламасын орындау үшін саған бұл шартқа бару керек», дедім».
- Шынымен де солай болды. Мен Мемлекет басшысына маған қолдау көрсеткені және түсіністікпен қарағаны үшін алғысымды білдіремін, себебі, әңгіме тек маған ғана емес, Қазақстан Республикасының ғарыштық зерттеулер бағдарламасына қатысты еді. Жалпы, мен осы дана әрі ұлы адамға шексіз ризамын. Жер бетінде де, ғарыш көгінде де мен Президентіміздің тарапынан зор қолдауын және қазақстандық ғарыштың дамуында мемлекеттік мүдделерді қорғауды мақсат ететінін сезіндім. Мұндай демеуді әсіресе, қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанның ғарыштық саласын құру ісінде айрықша түйсініп жүрміз. - Біздің әңгімеміз барысында Қазақстан Республикасының сынақтан өтуші-ғарышкер Мұхтар Аймахановпен болған жағдайды сұрамай өткім келмейді. Ресми ресейлік БАҚ-та ол ғарышқа ұшу арманын жүзеге асыру үшін ресейлік азаматтықты қабылдады деген ақпарат тарады. Бұл жағдай туралы не айтар едіңіз?
Мұхтар Аймахановты дайындауға Қазақстанның қыруар қаржысы жұмсалды. Оның немесе бірін-бірі алмастыру үшін бірге дайындалған екінші сынақтан өтуші - ғарышкер Айдын Айымбетовті ғарышқа ұшырудың мәні ҚР Ғарышкері мәртебесінде ұлттық ғарыш бағдарламасын орындау еді. Қазір бұл жүйе бұзылды. Мұхтардың өз арманын мемлекеттік мүддеден жоғары қоюын түсіне алмаймыз. Ол бұл әрекетімен өзінің досы Айдынды ғарышқа аттану мүмкіндігінен айырып отыр. Айтқандай, оның дайындығы да Мұхтардан кем түспейді. Бұл жерде үлкен ұждан мәселесі бар. Аймаханов бұл шешімді Қазғарышпен де, Үкіметпен де келіспей, өзі қабылдаған. Қазақстан оның ресейлік Ғарышкерлерді дайындау орталығында білім алуын ұйымдастырып, ақысын төлеген. Бұл қайталап айтайын, мемлекет қазынасының миллиондаған қыруар қаржысы...
- Бүгінгі күнге оралсақ, ғарышқа екінші сапарыңыз несімен ерекшеленді?
- Бұл менің ғарыштық мансабымдағы ең ұзақ сапар болды. Халықаралық экипаж командирі болдым. Ол кезде Ресей мен АҚШ арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын және командир ретінде кімді тағайындайтыны туралы шешімді ресейлік және америкалық тараптар бірге қабылдады.
Бұл шынымен де ғарыштық одиссея болды. Біз «Мир» орбиталық кешенінде 25-ші негізгі экспедиция бағдарламасы, «НАСА-7» бағдарламасы және француздық «Пегас» бағдарламасы бойынша жұмыс істедік. Ғарыштағы 208 тәулік ішінде бірнеше ресейлік кемелер мен америкалық «шаттлды» қабылдадық. Біз Ресей мен АҚШ, Германия, Франция, Жапонияның елеулі ғылыми бағдарламаларын орындадық. Қазақстандық ғылыми тәжірибелер бағдарламасын толықтай жүзеге асырдық. Мен командир ретінде, біздің ғарыш үйінде болған барлық адамдар үшін жауапты болдым. Осы экспедиция барысында бортинженер Николай Бударинмен бірге ұзақтығы 30 сағат 08 минут болатын ашық ғарышқа бес рет шықтық. Ол кезде бұл Гиннес рекордтар кітабына енгізілген нағыз рекорд болды. Бұл сапар мен үшін көптеген жарқын сәттермен есімде қалды. Астананың таныстырылымына қатыстым. Бұл сәт әлі көз алдымда. Жер бейнесі көрінді: Астана, стадион мінбесі, айнала толы халық. Кадрда Нұрсұлтан Назарбаевтың қатты толқып тұрғандығы сезілді. Ол әрине түсінікті жағдай - мемлекеттің жаңа астанасының тұсаукесері. Әлем елдерінің ішінде әкімшілік орталықты ауыстыру секілді тәуекелге бару әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл жағынан Президентімізді Бірінші Петрмен салыстырар едім. Өзімді бақытты жандардың бірімін деп санаймын: әлемде ғарышта жүріп, өз мемлекетінің астанасының тұсаукесеріне, Жердегі өз халқының мерекесіне қатысқан ғарышкер болмаған. Бірқатар елдердің ғылым бағдарламаларын орындай отырып, ғарышта жұмыс істеу, сонымен бірге маңызды саяси миссияны орындау жағынан, менің жолым болды. Қалай толқығанымды өзім де байқамадым, кейін естідім, көзімнен жас шыққаны көрініп тұрыпты. Өздеріңіз түсінесіздер ғой - мұндай сенімді арқалау оңай емес... Біз Николай Бударин екеуміз Президентті, барлық қазақстандықтарды құттықтадық. Ғарыштан астананы қалай көріп тұрғанымызды, оның келешекте дамуы туралы өз ойымызды айттық. Бұл тілегіміз қабыл болды! Жерге қонуымыз да ойдағыдай сәтті өтті. Құрамында Мұсабаев, Бударин, Батурин болған біздің экипаж жерге 1998 жылы 25 тамызда оралды. Бізді Қазақстан Президенті өзі қарсы алды! Бұл күні мен тағы бір қуанышты жаңалық естідім. Ғарышкерлерді дайындау орталығындағы басшылардың бірі, біздің жетекшіміз, Кеңес Одағының Батыры Юрий Николаевич Глазков: «Талғат, сені үшінші рет ғарышқа жіберу шешімі қабылданды!» деді. -Қызықты әңгімеңізге көп рахмет. Айтпақшы, қазақстандық ғарыштың айтулы күндері жайында, биылғы 2014 жылғы 1 шілдеде Сіздің алғашқы ғарыш сапарыңызға 20 жыл толады екен. Мерейтойыңызды қалай атап өтпек ойдасыз?
- Қазғарыш төрағасы қызметімде нәтижелерге қол жеткізу - мақсатым. Осылайша атап өтпекпін. Жалпы, жұмыс нәтижелері ауыз толтырып айтарлықтай деп ойлаймын. Екі сөйлемейтін, намысшыл азамат ретінде қазақстандық ғарыштың дамуын ынта-жігерімен қолдап отырған Елбасына ұлттық ғарыш саласын құру ісі даңғыл ғарыштық жолмен келе жатқанын жеткізгім келеді.