Дүниеге дүрбелең салған қазіргідей қаржылық қиыншылық жағдайында әлеуметтің әл-ауқатын әлсіретпеген бұл берекелі жоба келер жылы да жалғасады.
Бүгін Үкіметтің селекторлық кеңесінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасы тапсырмасына сәйкес, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне 2010 жылға арналған бюджетте бұл бағдарламаны жүзеге асыруға қажетті қаржы қарастырылуы тиістігін тапсырды.
«Өткен аптада біз экономикалық блокпен Мемлекет басшысына үш жылға арналған алдағы бюджеттің негізгі параметрлерін баяндадық. Мемлекет басшысы ағымдағы кезеңнің экономикалық қиындықтарына қарамастан, бюджет шеңберінде тиісті қаржыны қарастырып, «Жол картасын» 2010 жылы да жүзеге асыруды одан әрі жалғастыру жөнінде Үкіметке айқын тапсырма берді. Біз бұл тапсырманы орындап, «Жол картасы» бағдарламасын 2010 жылы да жалғастырамыз және 2009 жылғы оң және теріс ағымдарды ескеретін боламыз», - деді Премьер-Министр. Демек, халықты жұмыспен қамтып, республикамыздағы жұмыссыздар санының күрт көбеюіне тосқауыл қоя алған аталмыш жоба дағдарыстың дүбірі басылмайынша маңызын еш жоймайды деген сөз.
Жалпы қазақстандықтардың еңбекпен қамтылу стратегиясын іске асыруды Үкіметке биылғы Жолдауында Президент тапсырғаны белгілі. Сол тапсырма аясында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жергілікті бюджеттерді екі бағыт бойынша оңтайландырды. Бірінші бағытқа сәйкес, даму бюджеттері 50 пайызға қысқартылды. Бұған жаңа нысандардың құрылысын салуға және жаңалауға, басымды емес нысандардың құрылысына, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге, ақпараттық жүйелерді құруға, жарғылық капиталды толтыруға қажетті шығындар енгізілді. Ал екінші бағыт бойынша, басымды емес шығындар қысқартылды. Бұларға іссапар шығындары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруға, мемлекеттік органдардың ғимараттары мен үй-жайын күрделі жөндеуге, мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жабдықтауға арналған және басқа да мақсаттағы шығындар кіргізілді. Нәтижесінде жергілікті бюджеттерден 53 млрд. теңге басымды емес шығындар қысқартылды. Республикалық бюджеттен 140 млрд. теңге қарастырылды. Осылайша Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асыруға тең қаржыландыру қағидаты негізінде жалпы сомасы - 193 млрд. теңге бағытталды. Сонымен бірге, Үкіметтің «Жол картасында» жоғарыдағы айтылғандардан басқа, тағы екі бағыт қарастырылды. Оның бірі - әлеуметтік жұмыс орындарын құру, екіншісі - жастар практикасын ұйымдастыру.
Дер кезінде қолға алынып, жүзеге асырылған бұл стратегия бүгінде ел экономикасының батпаққа батпай, керісінше еңсесін тіктеп, ертеңгі күнге сеніммен қарауына ықпал етіп отыр. Бұл сөзімізге мына айтылатындар дәлел бола алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықованың сөзіне қарағанда, «Жол картасы» аясында 256 мың жұмыс орнын құру жоспарланса, қазірдің өзінде іс жүзінде 254 мың жұмыс орны ашылған. Бұл жоспардың 99 пайызы. Құрылған жұмыс орындарына 224 мың адам орналастырылған. Бұл ретте стратегия шеңберінде дағдарысқа қарсы бағыттың сақталғанын көреміз, яғни жұмыспен қамтылғандардың 73 пайыздан астамы еңбекпен қамту органдары арқылы келген.
Өз кезегінде осындай жүйелі жұмыс пен қажырлы еңбек еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің күрт ұлғаймауына ықпал етіп отырғанын айта кеткен жөн. Мәселен, Статистика агенттігінің деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 2009 жылдың шілде айында маусыммен салыстырғанда 6,6 пайыздан 6,5 пайызға дейін төмендеген. Алдын-ала бағалау бойынша, ағымдағы жылдың шілде айында республикамыздағы жұмыссыздар саны - 565,4 мың адамды құрап отыр. Бұл ретте шілде айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 98,9 мың адам ресми түрде жұмыссыздар ретінде тіркелген. Осылайша тіркелген жұмыссыздардың үлесі экономикалық белсенді халықтың 1,2 пайызын құрап отыр. Бұл өткен жылдың балама көрсеткішімен салыстырғанда бар-жоғы 0,4 пунктке ғана көп. Ал республикамыздың экономикасында шілдеде алдын-ала бағалау бойынша, 8,1 млн. адам жұмыспен қамтылған. Сөйтіп өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда олардың саны - 219,2 мың адамға немесе 2,8 пайызға ұлғайған. Қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеттерінде, әсіресе Еуропа елдерінде қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жұмыссыздық әлі де болса өткір проблема күйінде қалып отырғанын ескерсек, жоғарыдағы келтірілгендер әрине көңіл көншітерлік цифрлар екені даусыз.
Осы арада тағы бір атап өтетін дүние, «Жол картасы» бағдарламасы бойынша орташа жалақы - 27,9 мың теңгені құрап отырғаны. Г. Әбдіхалықованың айтуынша, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында жұмыс істейтіндер - 28 мың теңге, жол жөндейтіндер - 31 мың теңге, мектептер мен ауруханаларды жылытатындар - 29,7 мың теңге, селолар мен ауылдардағы әлеуметтік-мәдени нысандарды жөндейтіндер - 19,7 мың теңге жалақы алуда. «Жол картасы» бойынша өңірлер бөлінісінде ең жоғары жалақы Алматы қаласында - 45 мың теңге, Астана қаласында -38,4 мың теңге. Табысты жоғалту тәуекелін төмендету міндеті маңызды болып табылатын қазіргі жағдайда бұны да жақсы көрсеткіш деп бағалауға болатындай. Ал жалпы «Жол картасы» бағдарламасы аясында республикамызда 5080 жоба қарастырылыпты. Қамтылған жобалардың ішінде бүгінде 940-ы аяқталған. Тамыздың 14-індегі жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдар жөндеу жұмыстарына қарастырылған 168,5 млрд. теңгенің 94,3 млрд. теңгесін игерген. Бұл жалпы соманың шамамен 60 пайызын құрайды.
«Жол картасына» қатысты мәселені түйіндеген Үкімет басшысы жалпы алғанда жобаның беталысы жаман емес, айқын табыстар барын атап өтті. Дей тұрғанмен, Премьер-министр құзырлы органдардың басшыларының назарын екі мәселеге аударды.
Үкімет басшысының айтуынша, біріншіден - бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан нысандар бойынша мұқият мониторинг жүргізілуі тиіс. Осы мәселе бойынша келесі селекторлық кеңеске дейін қандай нысандардың құрылысы басталды, қандайы аяқталды, нәтиже қандай, қандай мәселеде тежелу бар деген сынды мәселелерді нақты білу қажет. Содан кейін оның себептері анықталатын болады. Бұл мәселе бойынша келесі жиын қыркүйек айында өтеді. Осы арада селекторлық кеңесте Г. Әбдіхалықова Ақтауда, Атырауда және Алматыда шетелдік жұмыс күштерін алмастыру үшін қымбат мамандықтар бойынша оқыту орталықтарын құру жөніндегі ұсыныс жасағанын атап айтқымыз келеді. Премьер-Министр бұл бастамаға қолдау білдірді және мұны Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі Білім және ғылым министрлігімен және жергілікті әкімдермен бірлесе бақылауға алуы қажеттігін, жұмыс күшін дайындау мен қайта дайындауға назар шоғырландыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар, ол Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешевке шетелдік жұмыс күшін алмастыруды шетелдік инвесторлармен бірлесе дәйектеуге тапсырма берді. «Бұл аса маңызды мәселе, біз оған әзірге жеткілікті назар аудара алғамыз жоқ», - деді К. Мәсімов.