Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында депутат Айткүл Самақова ослай айтты.
«Ағымдағы жыл басында алынған мәліметтерге сүйенсек, қазақстандықтардың зейнетақылық жинақтары 2,3 триллион теңгені құраған. Бұл 8 миллион салымшының қаражаты. Яғни, орта есеппен алғанда, бір салымшыға 300 мың теңгеден келіп отыр. Аталған қаржыны зейнетақы қорлары зейнетке шыққандарға 5-6 жылдың ішінде қайтарып береді. Одан кейін зейнеткерлер тек біркелкі зейнетақы ғана ала алады, ал зейнет жасындағы адамдардың саны жылдан жылға азая бермек. Жасы 55-ке толған азаматтардың жинақталған зейнетақысын өмірінің соңына дейін алуы үшін өз жинақтарын аннуитеттік компанияға беріп, олармен келісімшартқа отыру ұсынылып отыр. Бірақ, зейнетақы қорларындағы салымдардың мөлшері ерлер үшін 2 жарым миллион, ал әйелдер үшін 3 млн теңгені құрауы керек. 1-ші қаңтардағы мәліметтер бойынша осыған сәйкес ерлердің саны - 25 мың, әйелдердің саны 9 мың адамды ғана құрайды. Ендеше бұның өзі өмірлік аннуитеттің тек санаулы адамдарға ғана қолжетімді екендігін аңғартады», - дейді А. Самақова. Депутаттың айтуынша, аталмыш жағдай өзін-өзі еңбекпен қамтып жүрген, зейнетақылық жинақтары жоқ 2,6 миллион адамға қиындық тудырары сөзсіз.