ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданы прокуратурасы қолға алған жедел шаралар нәтижесінде өзін-өзі өлтіруді насихаттайтын жеті сайт жабылды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, өткен жылдың 25 қарашасында Ақсай қаласында асылып өлген 16 жасар қыз өзіне-өзі қол жұмсағанға дейін ғаламтор арқылы адамдардың өзін-өзі өлтіруін насихаттайтын «Өзін-өзі өлтіру» және «Өзін-өзі өлтіру арқылы қалай өмірмен қоштасуға болады» сайттарына жиі кірген. Бұл осы оқиға орын алғаннан кейін әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында белгілі болды.
Жедел әрекет еткен аудан прокуратурасы жоғары тұрған прокуратура органдарына көрсетілген ғаламтор көздерін тоқтататын шараларды қабылдау туралы өтінішхат жіберген болатын. Соның нәтижесінде сайттар түгел жабылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).