«Статисткалық комитет деректеріне сәйкес, елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны - 2 млн 100 мың адам. Яғни жалпы еңбекке жарамды тұрғындардың 40 пайызын құрайды. Сол 2 млн 100 мың адамның 800 мыңы – еңбек келісімі жоқ жалдамалы жұмысшылар. Ал 700 мыңы – жұмыссыздар. 600 мыңы – өзін-өзі жүмыспен қамтығандар, яғни тұрақты табысы жоқтар. Бүгін біз дөңгелек үстелде осы соңғы категорияға тоқталамыз. Бұл санатқа үй қызметкерлері, бала күтушілер, пәтер жөндеушілер, әрлеу жұмысын жасайтын құрылысшылар, такси жүргізушілері, сұлулық салоны жұмыскерлері және т.б. азаматтар жатады», - деді ҚКХП Нұр-Сұлтан қалалық комитетінің бірінші хатшысы Нұрдәулет Оразханов елордада өткен кездесуде.
Оның айтуынша, карантинде кризистің ұзаққа созылуына байланысты еңбек нарығы деформацияланды. Жұмыс орындарының жабылуы, жұмыскерлердің қысқаруы, қашықтан жұмыс істеу, жартылай жұмыспен қамту өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен жұмыссыздардың санын арттырды.
«2001 жылы өзін-жұмыспен қамтығандар саны 2 млн 835 мың болса, қазір 2 млн 100 мыңды құрады. Мұнда статистиканың жақсаруы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санының азаюы – жеке кәсіпкер ретінде оларды рәсімдеу мен жалдамалы жұмысшы ретінде тіркеумен байланысты деп ойлаймыз. Бұл статистикаға сенуге болмайды. Карантиннен кейінгі жаңа жағдайларға байланысты жасырын жұмыссыздық өсіп жатыр. 2019 жылдың бейресми жұмыс істеп жатқандардың қызметін заңдастыру мақсатында – Бірыңғай жинақтық төлем жүйесі (БЖТ) енгізілді. Дегенмен, биылғы мамыр айында БЖТ бойынша жарна бірнеше есе төмендегенін байқадық. Мысалы, сәуір айында БЖТ төлегендер саны 3 млн асса, мамыр айында – 317 мың азамат төлеген. Сол сияқты БЗЖҚ бойынша зейнетақы жарнасы сәуір айында 11 трлн 405 млрд теңгені құраса, 1 маусымда – 11 трлн 388 млрд құрап, 17 млрд-қа азайған. Яғни, өздеріңіз көріп отырсыздар, карантин уақытында зейнетақыға төленетін жарналары да 17 млрд теңгеге азайған», - дейді спикер.
Өзін-өзі қамтыған азаматтардың Бірыңғай зейнетақы жүйесіне қатыспауы, мед сақтандыруға қатыспауы, зейнетақы жинақтарының аздығы болашақта үлкен мәселелерді тудыруы мүмкін.
«Жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы азаматтардың еңбек ету құқығын қайта қарауды талап етеді. Жұмыспен қамту жол картасы сынды бағдарламаларға үлкен қаражат бөлінеді. Бірақ бұл бағдарламалар қазіргі таңда жұмыссыздық мәселелерін шешуше қауқарсыз. Көбінше уақытша жұмыс орындарын ашу арқылы халықтың көп бөлігін қамтуда. Сападан гөрі санға көп мән беріледі. Және еңбек нарығын өзгертуге еш бағдарламаның ықпалы жоқ. Сол себепті, жұмыспен қамту саласына мемлекет тарапынан жаңа бағдарламалар қажет. Және басты назарды өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға аударуымыз керек», - дейді Коммунистік партия өкілі.
Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың көпшілігі сауда мен көлік қатынастары және ауыл шаруашылығында еңбек етуде. Осы салаларда еңбек өнімділігін арттыруға жүйелі шаралар қабылдануы қажет.
«Ашықтық және кәсіпкерлікті ынталандыру шаралары жүргізілуі тиіс. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың іс бастауларына көмектесу арқылы тұрақты жұмыспен қамту бастамасы назарда болуы керек. Және бұл мәселелер мемлекет тарапынан жүйелі шешілуін қажет етеді. Бұл мәселелер – тек бір министрліктің құзыретінде шешілетін мәселе емес, жалпы Үкіметтің күш салуын талап етеді. Өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға жағдай жасау арқылы олардың қосалқы шаруашылықтарының жақсаруына ықпал етеміз. Мысалы мал шаруашылығында дайын өнімдерді өткізуге қолайлы жағдай жасау арқылы тұқым мен мал азығымен қамтамасыз ету, техникамен жабдықтар арқылы кәсіптің алға басуына септігімізді тигіземіз», - дейді Н. Оразханов.