Пәкістан азаматшасы американ әскерлеріне шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танылды

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат - Нью-Йорк соты Пәкістан азаматы 37 жастағы Аафия Сиддики ханымды 2008 жылдың жазында Ауғанстанда АҚШ-тың Федералдық тексеру бюросының қызметкерлері мен әскерилеріне қастандық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлайды.

Сиддики ханым ол кезде «Әл-Кайедамен» байланысы бар деген күдікпен ұсталған болатын. Ол өзінен жауап алу кезінде әскери қызметкерлердің бірінің қаруын тартып алып, оларға оқ ашқан. Американдықтардың ешқайсысы зардап шекпеген, ал Сиддики ханым жараланған.

Сиддики өзінің кінәлі емес екенін айтуда. Ол, тұтқындары азапталатын құпия түрмеде ұсталып келгенін мәлім етті.