Айта кетерлігі, 2016 жылдың 29 тамызында әлем бойынша Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-әрекеттер күні ретінде аталып өтеді. Бұл айтулы күн Қазақстанның 2009 жылғы бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қабылданған болатын.
Осыған байланысты БҰҰ Бас хатшысы өзінің жолдаған Үндеуінде бұл күні 450-ден астам ядролық сынақтар жасалған Қазақстандағы Семей полигонының жабылғанына ширек ғасыр толып отырғанына назар аударады.
«Мен 2010 жылы Семейге барғанда сынақ уытынан зақымдалған жерлерді ғана емес, сол зұлмат құрбандарының, аман қалған адамдардың күш-жігерін көрдім. Мен олардың бейбіт өмірге ұмтылысын, ядролық қарудан азат болуға үндейтін батыл қадамдарын қолдаймын... Барлық ядролық сынақтарға тыйым салу осынау зұлымдық мұрасын жоюға септігін тигізер еді», - деп мәлімдеген Пан Ги Мун.
Оның айтуынша, ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу - қарусыздану саласындағы басқа қадамдарға үлкен серпіліс тудырады.
«Осы арқылы көпжақты ынтымақтастықтың мүмкін екенін де көретін едік. Қауіпсіздік саласында, соның ішінде Таяу Шығыста ядролық қарудан және жаппай қырып-жоятын басқа да қару түрлерінен азат аймақ құру секілді өңірлік деңгейдегі қабылданауы тиіс шаралар бойынша сенімдер нығаятын еді», - деді Пан Ги Мун.
Бұдан бөлек, Бас хатшы барлық елдер мен халықтарды 20 жыл бұрын Бас ассамблея қабылдаған, алайда әлі күнге күшіне енбей тұрған Ядролық сынақтарға жалпылама тыйым салу туралы келісімді барынша тезірек күшіне енгізуге шақырады. «Біз осы арқылы ядролық қарудан азат, бейбітшілікке қарай қадам жасай алатын едік», - делінген Үндеуде.
16:51, 24 Тамыз 2016
Пан Ги Мун: Барлық ядролық сынақтарға тыйым салу зұлымдық мұрасын жоюға септігін тигізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей ядролық сынақ алаңының жабылғанына 25 жыл толуы қарсаңында арнайы үндеу жариялады. Үндеудің мәтіні БҰҰ ресми сайтында орналасқан.