ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қалалық сотының үкімімен БҚО мемлекеттік кірістер департаменті «Ақсай» кеден бекетінің бұрынғы басшысы М.Сатаев ҚР ҚК 366-бабы 2-бөлігі (айтарлықтай мөлшерде пара алу) бойынша айыпты деп танылып, оған жеке мүлкін тәркілеумен бірге параның алпыс еселенген мөлшерінде, яғни 55,5 млн. теңге айыппұл салынды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ол сонымен қатар жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
М.Сатаев лауазымды тұлға бола тұра сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған. Атап айтқанда, тауарларға кедендік декларацияны кедергісіз рәсімдеу және жалпы «қамқоршылық» үшін 925 мың теңге пара алған.
М.Сатаев аталмыш айыппұлды үкім заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде төлеуге міндетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).