ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі аудандық соты ҚР ҚК 367-бабы 1-бөлігімен айыпты деп танылған лауазымды қызметкерге қатысты үкімді жария етті.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері рейдтік шара кезінде Ақсай көшелерінің бірінде «Ақсайжылуқуат» МКК учаскелік шебері С. деген азамат айдап келе жатқан «Volkswagen Passat» автокөлігін тоқтатқан. Көліктің жүксалғышын тексеру барысында заңсыз ауланған 130 келі балық табылған. Сотталушы оқиға болған жерді қарау хаттамасын толтырмау және өзін қылмыстық жауапкершіліктен босату үшін полиция қызметкеріне 40 мың теңге көлемінде пара ұсынған.
Бөрлі аудандық соты С-ға параның жиырма есе мөлшерінде (800 мың теңге) айыппұл салып, өмір бойы мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айырды.
Сот үкім шығарған кезде С-ның бұрын сотталмағанын, тұрғылықты жері және жұмыс орны бойынша жақсы мінезделетінін, құқық бұзушылық жасағанына өкінгенін және асырауында кәмелетке толмаған студент қызы бар екенін ескерді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).