«Парасат» ғылыми-технологиялық орталығының басшысы тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінде «Парасат» ғылыми-технологиялық орталығы» АҚ Басқарма төрағасы қызметіне Дастан Байұзақұлы Қожабеков тағайындалды.

Дастан Қожабековтың тағайындалуына Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰЗТУ ректоры Ескендір Бейсембетов түсініктеме бере отырып: «Елбасының тапсырмаларына сәйкес, ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруды қамтамасыз етуге қабылданған заңдарды ескере отырып, ғылым мен бизнестің және коммерцияландырылатын жобаларды қолдау тетіктерін қайта қарау қажет. Қазақстанда жағымды инвестициялық алаң құру үшін қаражаттардың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ету қажет. Бұл ғылым дамуына түрткі беретін әлемдік инвесторларды тартуға мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, коммерцияландырудың қағидаттарын қайта қарау қажет, негізгі қызметті инновациялық жобаларды тікелей қаржыландыру мен қолдауға емес, өндірістің тиімділігін арттыру мақсатында қаражаттарды экономикалық негіздемемен салуға және ғылыми толымды өнімді алуға бағыттау керек.

Дастан Қожабековтың ғылыми-технологиялық саладағы көп жылғы еңбегі, Массачусетс технологиялық университетінде алған білімі «Парасат» орталығының алдында тұрған міндеттерді толыққанды жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деді.

Қожабеков Дастан Байұзақұлы Алматы қаласында 1966 жылғы 15 шілдеде дүниеге келді. 1991 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша Алматы сәулет және құрылыс институтының «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» факультетін аяқтады.

2006 жылы Массачусетс технологиялық институтында (MIT, Бостон, USA) «Инновация және ғаламдық көшбасшылық» бағдарламасы бойынша Іскерлік әкімшілендіру магистрі (MBA) дәрежесін алды.

Джорджтаун университетінде (Вашингтон, USA), «BM Trada» (UK), «Enbridge» (Canada) компанияларында, Кембридж университетінің Черчилль колледжінде біліктілікті арттырудан өтті.

Еңбек жолын 1991 жылы Н.П. Мельников атындағы «ЦНИИпроектстальконструкция» Жалпыкеңестік институттың Қазақстандық филиалында инженер-жобалаушы қызметінен бастады.

1995 жыл - «Тамос Эдьюкейшн» компаниялар тобының ортақ құрылтайшысы, Директорлар Кеңесінің мүшесі.

1997 жыл - «ҚазТрансОйл» ЖАҚ Шығыс филиалы директорының орынбасары.

1998 жылы - «Қазақойл» ҰК әкімшілік басқармасының басшысы.

1999 жыл - «ҚазТрансОйл» ЖАҚ кадрлық саясат департаментінің басшысы.

2001 жыл - «ҚазТрансОйл» ЖАҚ ғылыми-техникалық орталығының директоры.

2003 жыл - «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ вице-президенті. 2006 жыл - «KazPetroMac» мұнай-газ, машина жасау және сервис компаниясының бас директоры. 2008 жыл - «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ бас директорының орынбасары, 2014 жылғы сәуірден 2015 жылғы қарашаға дейін бас директоры.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен наградталған.

Үйленген. Төрт баласы бар.