Парламент бюджеттің атқарылуына қатысты Үкіметтің есебін бекітті

АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар ҚР Үкіметінің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің 2012 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылап, бекітті.

Парламенттің бірлескен отырысында алдымен ҚР Үкіметі тарапынан Қаржы министрінің және Есеп комитеті төрағасының баяндамалары тыңдалды. Бұдан соң бюджеттің атқарылуына қатысты Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері заң шығарушы билік өкілдерінің сауалдарына жауап қатып, Парламент депутаттары тарапынан көтерілген мәселелер бойынша түсініктемелер берді.

Жалпы, Парламенттің қорытындысына қарағанда Үкімет 2012 жылғы бюджетті атқару кезінде негізгі параметрлерді орындап шыққан. Алайда, бюджетті игеруде бірқатар жүйелі кемшіліктер орын алып отырғаны да айтылды.

Мәселен, былтырғы бюджеттен 41,5 млрд. теңге игерілмей қалған болса, жергілікті органдардың да игермеген қаражаты осы шамада болып отыр. Бұдан бөлек Парламент депутаттары квази мемлекеттік секторға жыл сайын қомақты қаражаттар бөлінетіндігіне назар аударып, оның тиімділігіне қатысты мәселелер көтерді. Жалпы алғанда Парламент республикалық бюджеттің 2012 жылы атқарылу қорытындысын оң бағалай келе, бірқатар ескертулер мен ұсыныстар жасады.