– Жүргізілген конституциялық реформа аясында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру ерекше маңызға ие болып отыр. Осы орайда «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Конституциялық заң жобасы жаңа Конституцияның талаптарына сәйкес және қолданыстағы әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңның негізінде әзірленді. Яғни, бұрыннан қалыптасқан құқықтық жүйенің сабақтастығы сақталып, мемлекеттің бірлігі мен тұтастық қағидаты қамтамасыз етіледі, - деді ол.
Вице-министрдің атйуынша, конституциялық заң жобасына әкімшілік-аумақтық бірліктерді айқындау, оларды құру, қайта құру және тарату, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін белгілеуге қатысты нормалар енгізілді. Сонымен бірге тарихи қалыптасқан өңірлік ерекшеліктер де ескеріліп, әкімшілік-аумақтық бірліктердің санаттары бекітілген.
– Әкімшілік-аумақтық бірліктердің санаттарына сәйкес қалалық елдi мекендерге барлық деңгейдегі қалалар, ал ауылдық елді мекендерге өздерінің әкiмшiлiк бағыныстылығына қарамастан, барлық ауылдар мен кенттер жатқызылады. Бұған қоса, заң жобасында Мемлекет басшысының, Үкіметтің және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктерді белгілеу көзделген, - деді Бауыржан Омарбеков.
Оның нақтылауынша, Президент:
– облыстар мен аудандарды құрады және таратады;
– елді мекендерді республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызады.
Ал Үкімет Президенттің қарауына облыстар мен аудандарды құру және тарату, елдi мекендердi республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың санаттарына жатқызу және басқа да әкімшілік-аумақтық мәселелер бойынша ұсыныстарды енгізеді. Сонымен қатар, астананың, облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың шекараларын белгілеу және өзгерту және басқа да құзыреттері бар.
– Жергілікті өкілді және атқарушы органдардың әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешудегі құзыреттері де айқындалған. Оларға елді мекендерді кент, ауылдар санаттарына жатқызу, олардың облыс, аудан шегінде әкімшілік бағыныстылығын белгілеу, шекараларын бекіту, өзгерту және басқа да мәселелерді шешу жатады. Конституциялық заң жобасында қала, ауыл және кент мәртебесіне қатысты нақты талаптар қарастырылған. Аталған норма елді мекендердің мәртебесін негізсіз өзгертуге жол бермейді және бұл рәсім белгіленген уақыт кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен тұрғындардың пікірі негізінде ғана іске асырылатын болады, - деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, цифрландыру талаптарын ескере отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың шекараларын ақпараттық жүйеде есепке алу және тіркеу бойынша құзыреттер бекітіледі.
– Бұдан бөлек, елді мекендердің шекараларын белгілеу және өзгерту бас жоспарлар немесе даму схемалары негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл қала құрылысы мен аумақтық жоспарлаудың өзара байланысын күшейтеді. Заң жобасында әкімшілік-аумақтық құрылыс мәселелерін шешуге қажетті құжаттар мен материалдардың тізбесі белгіленетін болады. Жалпы алғанда, заң жобасы еліміздің аумақтық тұтастығын нығайтуға және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға бағытталған, - деді Бауыржан Омарбеков.
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіровтің атап өтуінше, конституциялық заң жобасы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымының негізгі ұғымдарын, мақсаттарын, міндеттері мен қағидаттарын айқындайды.
– Сондай-ақ әкімшілік-аумақтық құрылымдар мәселелерін шешу тәртібін, әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру және тарату, олардың шекараларын белгілеу және өзгерту, әкімшілік-аумақтық бірліктерді есепке алу және тіркеу, әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беру және қайта атау мәселелерін шешу кезінде мемлекеттік билік органдарының өкілеттіктерін айқындайды. Әкімшілік-аумақтық құрылымның нормаларын Конституциялық заң деңгейінде бекіту мемлекеттің аумақтық ұйымының тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік басқару органдарының қызметі үшін орнықты құқықтық негіз қалыптастырады, - деді ол.