Парламент құжатты мақұлдады: Қазақстан Халық кеңесі - конституциялық консультативтік орган

АСТАНА.KAZINFORM – Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатта бұл институттың нақты міндеттері айқындалды.

Фото: Сенат

«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасы 2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру мақсатында әзірленді. Жаңа Конституцияда Қазақстан халқының мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі ретінде ерекше рөлі бекітілген. Жаңартылған конституциялық модельдің өзегінде – адам, оның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары тұр. Адамға бағдарланған тәсіл негізінде қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылының сапалы жаңа үлгісі қалыптастырылып жатыр.

- Ата заңымыздың мазмұны мен логикалық құрылымына сүйене отрып, жаңа Конституция – шын мәнінде, халықтық сипатқа ие болғанын ешбір күмәнсіз айтуға болады. Жоғарғы консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы осының айқын дәлелі. Конституциялық заң жобасы халық мүдделерін білдіруді қамтамасыз етуге және қоғамның мемлекеттік саясатты қалыптастыруға қатысу тетіктерін дамытуға бағытталған – жаңа конституциялық институтты заңнамалық тұрғыда бекітуді көздейді. Конституциялық заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде құқықтық мәртебесі айқындалады, - деді Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.

Халық кеңесі – ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы

Заң жобасының негізгі тұжырымдамасы қоғам мен мемлекет арасындағы жалпыұлттық диалогтың тұрақты тетігін жүйелі түрде қалыптастыруға бағытталған. Қазақстан Халық Кеңесі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың негізгі құралы ретінде айқындалып отыр. Бұл ретте ұсынылып отырған институт мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды және олардың функциясын қайталамайды. Ол – керісінше ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады.

Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімін – төрт жыл

- Конституциялық заң жобасында Қазақстан Халық Кеңесінің нақты ұйымдастырушылық моделі қалыптастырылған. Негізгі мәселелер бойынша шешім қабылдайтын жоғары басшылық орган – Сессия. Оның құзыретіне заң жобаларын енгізу және референдум өткізу туралы бастамалар да кіреді. Сессиялар аралығында ағымдағы қызметті жүзеге асырып, шешімдерді дайындауды қамтамасыз ететін алқалы орган – Төралқа жұмыс істейді.

Жекелеген нақты бағыттарды пысықтау үшін тұрақты және уақытша комитеттер, салалық комиссиялар мен жұмыс топтарын құру көзделеді. Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық және талдамалық тұрғыдан қамтамасыз етуді Хатшылық жүзеге асырады. Ол мемлекеттік орган ретінде құрылатын болады, - Ерлан Сәрсембаев.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Заң жобасында қоғамның негізгі топтары – этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің тең дәрежедегі өкілдігі көзделеді.

- Бұл ретте Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы аталған топтардың ұсынымдарын ескере отырып, 42 мүшеден тең дәрежеде қалыптастырылатын болады. Мұндай тәсіл әртүрлі қоғамдық мүдделерді ескеруге және ортақ келісілген ұстанымды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрам мүшелеріне қойылатын талаптар да белгіленеді. Оның ішінде қоғамдық қызметтегі тәжірибенің болуы, сондай-ақ адалдықты қамтамасыз етуге және мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған шектеулер көзделеді. Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімін төрт жыл деп белгілеу ұсынылады. Ал Кеңестің Төрағасын Сессияда төрт жылдық мерзімге, Президенттің ұсынысы бойынша және Кеңестің жалпы мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасымен сайлау ұсынылады. Өз кезегінде, институттың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында бір тұлғаның Кеңестің Төрағасы болып екі реттен артық сайлануына жол берілмейтіні туралы норма көзделген, - деді министр.

Оның айтуынша, заң жобасының маңызды бөлігі Қазақстан Халық Кеңесінің өкілеттіктеріне арналған. Олардың қатарына ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, заңнамалық бастама жасау құқығы арқылы заң шығару процесіне қатысу, референдум өткізу жөнінде бастамалар көтеру, қоғамдық талқылаулар мен диалог алаңдарын ұйымдастыру, сондай-ақ қоғамдық бақылауға қатысу кіреді. Бұл ретте барлық өкілеттіктер консультациялық және бастамашылық сипатта болып, мемлекеттік билік жүйесімен тепе-теңдікті сақтауды қамтамасыз етеді.

- Қазақстан Халық Кеңесіне әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін ұйымдастыру және өткізу функциясы жүктелетінін ерекше атап өткім келеді. Астана қаласында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл съезд – конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған маңызды халықаралық диалог алаңы ретінде орныққан. Аталған ұсыныс Кеңестің мақсаттарына толық сай келіп, оның қызметінің жалпы логикасымен үйлеседі. Өз кезегінде заң жобасында заңнамалық бастама жасау құқығын және референдум өткізу бастамасын жүзеге асыру тәртібін айқындау – маңызды элемент ретінде қарастырылған. Конституциялық заң жобасында тиісті шешімдерді қабылдауға күшейтілген талаптар қойылған, - деді Е. Сәрсембаев.

Мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл мәселелеріне, сондай-ақ қоғамдық кеңестер арқылы өңірлік деңгейде жұмысты ұйымдастыруға ерекше назар аударылған. Бұл Қазақстан Халық Кеңесінің қызметін мемлекеттік басқарудың жалпы жүйесіне үйлестіруге және халықпен тиімді кері байланысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, заң жобасында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың Қазақстан Халық Кеңесі әзірлеген ұсынымдар мен ұсыныстарды қарау міндеттілігі бекітіледі. Бұл аталған институттың келісілген және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге кепілдік береді.

- Конституциялық заң жобасы сондай-ақ ішкі ұйымдастырушылық қызмет мәселелерін де реттейді. Оның ішінде Төраға орынбасарларын тағайындау тәртібі, олардың ротациясы, сондай-ақ Кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату негіздері қарастырылған. Бұл аталған институттың тұрақты әрі ашық жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған, - деді ведомство басшысы.

Конституциялық заң жобасы қабылданған жағдайда, қолданыстағы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның күші жойылды деп тану ұсынылды. Осы арқылы еліміз қоғамдық-мемлекеттік өзара іс-қимылдың жаңа моделіне көшеді.

Заң жобасы 3 тараудан және 23 баптан тұрады

- Заңға сәйкес Қазақстан Халық Кеңесі ұлттық мәдени орталықтар, қоғамдық ұйымдар, аймақтардағы мәслихаттар мен қоғамдық кеңес өкілдерінен тең дәрежеде қалыптасады. Қазақстан Халық Кеңесі кемінде жылына бір рет шақырылатын Қазақстан Халық Кеңесінің Сессиясы және Қазақстан Халық Кеңесінің Төралқасынан тұрады. Сонымен қатар комитеттер, комиссиялар және жұмыс топтарын құру мүмкіндігі көзделеді. Қазақстан Халық Кеңесінің құрамын қалыптастыру тәртібі, оның мүшелеріне қойылатын талаптар, олардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату тетіктері жеке регламенттелген, - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.

Оның пайымынша, Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы қазақ халқының ежелгі дала демократиясы бабтарын бүгінгі саяси институттарға имплементация жасау. Бұл қадам мыңдаған жылдық дәстүрі бар дала демократиясы дәстүрін қайта түлету қадамы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бірлескен отырыста депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» үш конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр.