Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кодекс жобасы қылмыстарды тергеу процесін оңайлату мен жеделдетуге бағытталады. Бұл ретте қылмыстық процеске тартылған тұлғалардың конституциялық құқықтарын қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, сот төрелігін іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында қылмыстық сот ісін жүргізуді жетілдіру көзделеді. Атап айтқанда, қылмыстық қудалауды бастау рәсімін оңайлату мақсатында қылмыстық іс қозғау және тергеуге дейінгі тексеріс жүргізу сатысы алынып тасталады. Тергеу және анықтау органдары азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайтын процестік әрекеттерді дербес қабылдау жөніндегі өкілеттіктері тарылады. Керісінше, қорғаушының сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап қатысуының құқықтық негіздері кеңейтіледі.
Бұдан бөлек, Кодексте қылмыстық процеске тергеу судьясы мен процесс прокуроры секілді фигуралар енгізіледі. Бұл ретте адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын барлық тергеу әрекеттері тергеу судьясы мен процесс прокурорының санкциясымен ғана жүргізілетін болады. Сонымен қатар, қылмыстық процеске келісім институты енгізілетін болады. Ол кінәні мойындау туралы мәмілені, ынтымақтастық туралы келісімді жүргізеді. Бұл ретте мәміле нысаны онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша күдікті немесе айыпталушы келтірілген айыптаулармен келіскен жағдайда жүзеге асса, ынтымақтастық келісімі барлық санаттағы қылмыстар бойынша қылмыстарды ашуға және тергеуге көмектескен кезінде жүргізіледі.
Ал сенаторлар енгізген өзгертулерге келетін болсақ, олардың басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында болып табылады.
«Сенат енгізген өзгерістер негізінен Елбасының соңғы уақыттағы Жарлығына сәйкес болып табылады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі мен Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы қосу жолымен мемлекеттік орган ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі болып қайта ұйымдастырылған болатын. Өзгерістер осыған қатысты болып табылады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Мәжіліс депутаты Рамазан Сәрпеков.