17:07, 23 Сәуір 2009
Парламент мемлекеттік сатып алу туралы заңға енгізілген өзгерістерді қабылдады
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады. Енді құжат Елбасының қол қоюына жіберіледі,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталған Заң еліміздің дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық шаралардың бірі болып табылады. Экономиканы одан әрі жаңғыртудың жаңа жоспары мен жұмыспен қамту стратегиясын іске асыруға сәйкес әзірленген Үкіметтің «Жол картасы» бойынша «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға дағдарысқа қарсы шараларды жүргізу үшін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ерекше тәртіппен сатып алу қарастырылады. «Жол картасында» еңбек нарығын іске асыру бойынша бірқатар іс-шаралар көрсетілген болатын. Атап айтқанда, коммуналдық желілерді қайта жаңарту және қайта жаңғырту, энергетика және кәріз нысандары желілерін жөндеу, жергілікті деңгейдегі автокөлік жолдарын салу, қайта жаңарту, сондай-ақ, әлеуметтік инфрақұрылым, оның ішінде мектеп пен ауруханаларды жаңарту шаралары, абаттандыру және көгалдандыру шаралары қамтылатын болады. Сонымен бірге, бұл бағытта жергілікті биліктің қалауымен басқа да маңызды нысандарды жөндеу қолға алынады. Бұл заңға ұсынылып отырған түзетулер осындай іс-шараларды уақытылы орындауға септігін тигізетін болады», деді Қаржы министрі Болат Жәмішев. Министрдің айтуынша, Заңға сәйкес сатып алу бойынша өтінім берушілер арасынан жеңімпазды анықтау үшін қолданыстағы заңнамада күнтізбелік елу күн мерзімі көзделген болса, өзгертулерге сәйкес бұл мерзім күнтізбелік он бес күнге дейін қысқартылады. Сонымен бірге, сатып алулар барысында отандық тауар өндірушілерге басымдық берілетін болады.