15:20, 08 Сәуір 2009
Парламент Сенатының жалпы отырысында 2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджетке қатысты заң жобасы қабылданды
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «2009-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталмыш құжат Елбасының ағымдағы жылы халыққа жолдаған Жолдауында көтерілген мәселелер негізінде дайындалған. Сондай-ақ ол елдің дағдарыстан кейінгі дамуын қамтамасыз ету, экономиканы одан әрі жаңғырту мен халықты жұмыспен қамту стратегиясын іске асыру аясындағы шаралар негізінде дайындалды. Онда биылғы жылы әлемдік экономика өсімінің тежелуі, табиғи ресурстарға деген сұраныстың азаюы, қазақстандық экспорттың негізгі бағыттарына әлемдік бағаның төмендеуі сияқты мәселелер ескеріле отырып, ел экономикасының дамуына ықпал ететін ішкі және сыртқы факторлар негізіндегі макроэкономикалық көрсеткіштер өзгертілген. Мысалы онда 2009 жылы мұнайдың бір баррелінің бағасы 40, ал 2010-2013 жылдары 50 АҚШ долларына тең келеді деп жоспарланған. Ал ішкі жалпы өнімнің өзгеруі биыл 101 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр. Айта кететін жәйт, жаңа заң жобасындағы бұл көрсеткіш осыған дейінгі 102,7 пайыздан 1,7 пайызға төмен болып отыр. Құжатта 2010 жылдан бастап бұл меженің айтарлықтай артатындығын көрсетілген. Сондай-ақ заң жобасының талаптарына сәйкес, 2009 жылдың аяғына дейін теңгенің құнсыздануы 11 пайыз деңгейінде болады, ал 2013 жылға дейін 5,5 және 7,5 пайызға дейін төмендейді деп болжануда.