Парламентаризмді дамыту Тұңғыш Президенттің стратегиялық басшылығымен бүгін де жалғасын тауып келеді - И. Рогов

АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат - Парламентаризмді дамыту Тұңғыш Президенттің стратегиялық басшылығымен бүгін де жалғасын тауып келеді. Бүгін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә Назарбаевтың Қазақстандағы парламентаризмді дамытудағы рөлі» атты халықаралық конференция барысында ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Игор Рогов осылай айтты.

«Мемлекеттік құрылым мен қоғам өмірін демократиялау үдерісі парламентаризм институтын дамытудан нақты көрініс табады. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстанда мемлекет пен қоғамның орнықты даму факторы ретіндегі парламентаризмнің негізі қаланды. Өткен ғасырдың 90-жылдарында бастау алған кәсіби парламентаризмді қалыптастыру, сосын дамыту Тұңғыш Президенттің стратегиялық басшылығымен бүгін де жалғасын тауып келеді», - деді И. Рогов.

Сонымен қатар, Кеңес төрағасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына көз жүгірте отырып, оның іргетасын сапалы қалыптастырудағы Елбасының ерен еңбегін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Н. Назарбаев егемендік алған алғашқы күннен бастап «тәуелсіздік жағдайында, жаңа қозғалыстар үдерісінде партиялық диктат пен партиялық құрылымдарды алып тастап-ақ кеңестік жүйені сақтау мүмкіндігі туралы идеяға барынша күмән келтірді». Өйткені, Елбасы кеңестік жүйенің жұмысын бастан-аяқ білетін. Ал коммунистік партия қоғам мен ел басшылығынан кете бастаған тұста, партиялық диктаттан айырылған кеңестер демократияға басымдық бергісі келетінін білдіре бастады. Алайда, өмір көрсеткендей кеңестер демократиялық мемлекет үшін жарамсыз еді және кеңестер қоғам дамуына еш мүмкіндік бермеді», - деді И. Рогов.

Бұл ретте И. Рогов ХІІ және ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің жұмысын да мысалға алды. Оның айтуынша, тұрақты негізде жұмыс жасаған соңғы Жоғарғы Кеңес те өзінің тиімсіздігін танытқан. «Мәселен, өзінің қызмет еткен бір жылында Жоғарғы Кеңес бас-аяғы 24 қана заң қабылдай алды. Қалған уақыттың бәрі заң шығармашылығымен байланысты болып саналмайтын жұмыстармен, саяси пікірталастармен кетті. Сондықтан да, Тұңғыш Президент мүлдем жаңа Парламент құру туралы мәселе қойған еді», - деп еске алады И. Рогов.