«Биліктің заң шығарушы органында, мемлекеттік атқарушы органдарда нәзік жандылардың үлесі 30 пайызға сәл жетпейді. Менің ойымша, бұл бүгінгі сайлау үдерісінің еншісіндегі міндет. Сондықтан да, біз биылғы сайлау нәтижесінде әйелдердің үлесі 30 пайызға дейін жетеді деген үміттеміз», - деді Р.Сәрсембаева. Оның айтуына қарағанда, еліміздегі гендерлік саясатқа қатысты динамика жыл сайын жақсарып келеді. Мәселен, бесінші шақырылған Парламент Мәжілісіндегі 107 депутаттың 28-і әйелдер болып, бұл 26,2 пайызды құраған. Ал 2007 жылы сайланған Мәжілістегі әйелдер үлесі 19,5 пайыз болған еді.
Сонымен қатар, қауымдастық басшысы саяси партиялардың гендерлік мәселесіндегі рөліне назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағытта «Нұр Отан» партиясы көшбасшы болып, басқаларына қарағанда әйелдер үлесін көбірек ұсынып отыр.
«Нұр Отан» партиясы бірінші орында тұр, олар 30 әйел ұсынған, 23,6 пайызды құрайды. Одан кейінгі орында Қазақстанның коммунистік партиясы 22 кандидаттың 4-еуі әйел - бұл 18,8%. «Ақ жол» партиясы 35 кандидаттың алтауына әйелдерді тартты, 17,1%. «Бірлік» партиясының 8 кандидатының 1-еуі әйел - 12,5%. Ал «Ауыл» партиясында 19 кандидаттың екеуі әйел - 10,5%», - деді қауымдастық жетекшісі.
Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлау бойынша 2852 әйел кандидаттар тіркелген, бұл 26,3 пайызды құрайды. «Егер осы әйелдердің барлығы сайлаудан сүрінбей өтсе, онда барлық деңгейдегі мәслихаттардағы нәзік жандылар үлесі 26 пайызды құрайтын еді. Қазір бұл көрсеткіш 17 пайыз», - деді ол.