Бұл туралы «KAZENERGY» қауымдастығының тұрақты даму жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында хабарланды.
Ұлттық жоспар жобасы парниктік газдар шығындарына бөлінген квоталардың жалпы көлемін, сонымен қатар 2013 жылға арналған квоталарды үлестіру негіздерін бекітеді.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жасақтап жатқан жобаға сәйкес, 2010 жыл - шығындар квотасын есептеуге базалық жыл ретінде алынған. Бірақ «Теңізшевройл» ЖШС өкілі Светлана Дебиссидің сөзіне сүйенсек, бұл мәселеде бағдар ретінде дағдарыстан кейінгі 2010 жыл емес, Қазақстанда алға жетелейтін ірі жобалар жүзеге аса бастаған, кешіректеу кезең болуы тиіс.
«Егер біз өзімізді 2010 жылғы көрсеткіштер шеңберімен шектейтін болсақ, басқа ірі жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіреміз», - дейді Қауымдастық мүшелері.
Киото Хаттамасына мүшелік ету міндеттемелеріне сәйкес, Қазақстан 1992 жылмен салыстырғанда парниктік газдар шығарылымын 2020 жылға дейін 15%, ал 2050 жылға дейін 25%-ға дейін төмендетуі тиіс. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Ұлттық жоспар жобасы дайындалу үстінде. Парниктік газдар шығындарына бөлінетін квоталарды үлестірудің Ұлттық жоспарын дайындау жөніндегі жұмыс тобы осы жылдың наурызында ғана құрылды. Уақыт тығыздығы салдарынан Қауымдастық мүшелері барлық отырыстарына қатысу, өз ұсыныстарын беру мүмкіндігінен айырылды. Жоспар бойынша, маусымның соңына дейін жобаны әзірлеуге қатысты жұмыс аяқталуы тиіс.
Дегенмен, ҚОҚМ және «KAZENERGY» қауымдастығының өкілдері толығымен дайын құжат дайындау үшін уақыт жеткіліксіз деп санайды.
«KAZENERGY» қауымдастығының Төрағасы Тимур Құлыбаев, Премьер-Министрдің атына Қауымдастықтың Атқарушы комитетіне квоталарды үлестірудің Ұлттық жоспарын жасау жөніндегі жұмыс мерзімін осы жылдың соңына дейін ұзарту жөніндегі ұсынысты дайындауды тапсырды.