ОРАЛ. Желтоқсанның 1-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - «Нұр Отан» ХДП Бөрлі аудандық филиалы жанынан құрылған партиялық бақылау комитеті де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында белсенділік танытуда.
Бұл туралы аталмыш комитет төрайымы Бақыт Оқаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, комитет мүшелері Ақсай қаласындағы Юбилейный көшесінің бойынан тұрғызылған денсаулық сақтау қызметкерлеріне арналған 12 пәтерлік тұрғын үйді, №5 орта мектепке жапсарластырыла салынатын құрылысты қарап, тексерді. Сол сияқты күрделі жөндеуден өтіп жатқан №1 «Балбөбек» балабақшасы да назарда болады. Оған «Жол картасына» сәйкес республикалық және аудандық бюджеттен қарастырылған 21,9 млн. теңге 97 пайызға игерілген. Құрылыстың жүру барысын өз көзімен көрген бақылаушылар біраз кемшіліктерді де анықтады. Атап айтқанда, терезе жақтауларының дұрыс орнатылмағандығы, жарық шамдарын, еден төсемдерін ауыстыру, ас үйге ауа сорғыш орнату жөнінде ескертпелер жасалды. Бүгінде бұл олқылықтар жойылып, балабақша бүлдіршіндер күлкісіне толатын сәт таяу.
Бақылаушылардың жүргізген осындай тексерулері құрылыс сапасына оң ықпалын тигізері анық.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).