Партиялар сайлаушылармен жүздесті: мектептерде және өндіріс орындарында өзекті мәселелер талқыланды

АСТАНА. KAZINFORM – Партиялардың өкілдері мектептерде, ауруханаларда, зауыттарда және архивтерде сайлаушылармен кездесіп, әр саланың өзекті мәселелерін талқылады.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

«Әділет» партиясының өкілдері Ақмола облысының тұрғындарымен кездесті. Партияның республикалық сайлауалды штабы ұйымдастырған кездесуде көкшетаулықтар өңір үшін маңызды бастамаларды ұсынды. Олардың қатарында кәсіпкерлерге арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу, коммуналдық желілерді жаңғырту және жаңа жұмыс орындарын құру бар.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) елдің болашағы білім беру жүйесіне байланысты деп есептеп, осы тақырыпқа арналған арнайы конференция өткізді. Депутаттыққа кандидаттар, педагогтер мен сарапшылар білім сапасы, кадр тапшылығы, мектеп инфрақұрылымының жай-күйі және мұғалімдерді қолдау мәселелерін талқылады.

Respublica партиясының өкілдері білім мен ғылым саласына екпін қойып отыр. Партия мұғалімдерді жазалаудың орнына білім беру ортасын дамыту мен педагогтерді қолдауды құптайды. Сондай-ақ партия Жезқазғанда өз жақтастарының форумын өткізіп, онда өңірдің өнеркәсібі, жолдарының жағдайы, медицинасы және білім беру саласы талқыланды.

«Байтақ» партиясы үшін экология мәселесі денсаулық сақтау саласымен тығыз байланысты. Кеше бұл ұстаным іс жүзінде көрініс тапты. Осы орайда кандидат Ақтаудағы №2 қалалық емхананың ұжымымен кездесті. Кездесу барысында медицина саласының жай-күйі, өңірдің экологиялық қауіпсіздігі және пациенттерді әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды.

Қазақстан Халық партиясы кеше тарихи жады тақырыбына ерекше назар аударды. Партия іздестіру жұмыстарын, архивтік зерттеулерді және патриоттық жобаларды қолдау мақсатында «Мемориалдық аймақ» бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. ҚХП бұл бастаманы ата-баба ерлігіне тағзым етудің маңызды бөлігі деп есептейді.

Кеше Қостанай облысына «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов бастаған делегация барды. Ол еңбек ұжымдарымен, партия белсенділерімен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инфрақұрылымды жаңарту мәселелерін талқылады.Сапар жастар волонтерлерімен бірге өткен үгіт-насихат акциясымен аяқталды.

Сонымен қатар Қарағандыға «Ақ жол» партиясының төрағасы Дәния Еспаева барды. «Seven Refractories Asia» ЖШС ұжымымен кездесуде отандық өндірушілерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық саясаты және өнеркәсіпті дамыту мәселелері сөз болды. Бұған дейінгі кездесулерде де партия өкілдері экономикалық саясатқа ерекше екпін қойды.