Бұл жерде ең қызығы, аталмыш кооператив бұдан бары-жоғы 4 жыл бұрын қаладағы ең артта келе жатқан, басы даулы мекеме болатын. Ол туралы баспасөз беттерінде талай рет жазылды да. Енді міне, 4 жылдан кейін, аталмыш кооператив айды аспанға шығарып, дүйім жұртты таң қалдырып, қаладағы ең үлгілі кооперативтердің қатарынан бір-ақ шықты! Мұның сыры неде? Бұл жетістікке қалай қол жеткізілді? ҚазАқпарат тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп, айдарынан жел ескен «Самал» пәтер иелері коопертивінің басшысы Ерлан Сұлтанұлы Бейсембаевты сөзге тартқан еді.
- Ерлан аға, жүлдеңіз құтты болсын!
- Рахмет!
- Бұдан төрт жыл бұрын «Самал» пәтер иелері кооперативінің жағдайы тым мүшкіл болатын. Соны біле тұра сіз қалайша батылыңыз барып, осы мекеменің тізгінін қолыңызға алдыңыз?
- Енді, мен біріншіден осы «Самал» ықшам ауданының тұрғынымын ғой. Коопертивті басқарып келе жатқаныма 4 жыл болды. Шынында да бұл қаладағы ең артта қалған кооператив болатын. Дәлірек айтар болсам, осы мекемеге 41 көп қабатты тұрғын үй қарайтын болса, солардың 37-інің шатырынан су ағатын. Барлық жертөлелер тізеден су болатын. Қыста үйлер жөнді жылымайтын. Тіпті кейбір үйлер орталық жылу жүйесіне тек 15 желтоқсанда барып, жұрттың айқау-шуымен қосылатын. Ал үйлерге кіре-беріс дәліздер туралы айтудың өзі қиын. Адам кіруге қорқатындай дәрежеде еді. Аулалар лас, кооперативте ақша жоқ. Қысқасы жұмыс тұралап тұрды ғой.
- Сонда сіз енді бұл кооперативтің басшысы болып қалай тағайындалдыңыз?
- Кездейсоқ, аяқ астынан десем де болады. Мен өзім кәсіпкермін. Мамандығым - құрылысшы. Кезінде Алматы үй құрылысы комбинатында талай жыл цех бастығы болып еңбек еткенмін. Содан не керек, бір күні көршілерім; «жүрші, барайық, қатысайық, бір шешім шығарайық» - деген соң, жиналысқа бардым. Бұрынғы басшыға жұртшылықтың көңілі әсте толмайтын. Өйткені жағдай белгілі ғой. Сол жиналыста тұрғындар мені кооператив басқармасына мүшелікке сайлады. Әрі қарай жұмыс барысында кооперативтегі былықтарды көріп, жағамды ұстадым! Бұрынғы басшылықпен енді шындап күресе бастадым. Содан не керек, бір жылдан кейін тұрғындар кооператив тізгінін қолыма ұстатты да жіберді. Бірінші жиналыста мен тұрғындарға: «Бұл жерде ақшасыз ештеңе істеп жарытпаймыз» - деп ашық айттым. Өйткені қомақты қаржысыз тұралап қалған шаруашылықты көтеру мүмкін емес-ті.
- Сонда нақты қандай ұсыныстар айттыңыз?
- Мен екі ұсыныс айттым. «Біріншіден сауатты басшылық керек, екіншіден қомақты қаржы керек», - дедім. Алғашқы мәселе бойынша тұрғындарға кооперативтің басшылық құрамына тек лайықты, сауатты адамдарды ғана алатыным туралы уәде бердім. Ал екінші мәселе бойынша арнайы Қор ашуды ұсындым. Тұрғындар мұны мақұлдады. Өйткені қаржы болса, жағдайды кезең-кезеңмен түзейтінімді айтып, уәде еттім. Содан «Күрделі жөндеу қорын» құрдық. Ол кооперативтің жарғысында жазылған! Жаңа келісім бойынша әрбір пәтерден жылына 10 000 теңгеден жиналатын болды. Ол 12 айға бөлінді. Яғни, әрбір отбасы ай сайын түбіртек бойынша 800 теңгеден төлеп тұрады. Демек, пәтердің әрбір шаршы метріне 40 теңгеден түседі деген сөз. Бұл енді тұрғындар төлей алмайтындай аса бір көп ақша емес қой. Содан тұрғындардың ақшасы қордың шотына келіп түсе бастады.
- Ең бірінші жұмысты неден бастадыңыздар?
- Біріншіден кооперативтің құрылымын өзгерттік. Есіңізде ме, Кеңес заманында «Үй басқармасы» деген болушы еді ғой. Оның өзінің құрылыс бригадасы, жөндеу бригадасы, апаттық қызметі, аула сыпырушылар бригадасы, сантехниктер бригадасы деген құрылымдары бар болатын. Міне біз осы жүйені жандандырдық! Бригадалар құра бастадық. Бұрын кооператив оларды аса бір керек кезде ғана сырттан уақытша жалдайтын. Ал бұл қымбатқа түседі. Біз адамдарды штатқа алу арқылы шығындарымызды 50 пайызға үнемдедік! Артынша өзіміздің «Тұрғын үйлерді кезең-кезеңмен жаңарту» деп аталатын бағдарламамызды қабылдадық. Іске кірістік те кеттік. Алдымен шатырларды жөндеуді ұйғардық. Екі жыл ішінде 40 үйдің шатырын толығымен жөндеп шықтық. Сонымен қатар, барлық элеватор тораптарын да жөндедік. Екі айдың ішінде! Ешқандай мердігерді жалдаған жоқпыз. 2 миллион теңгеге финдік су жапқыштарды сатып алдық. Екі ай ішінде 64 элеваторлық торапты жөндедік. Бұрын оларда баяғы кеңестік замандағы су жапқыштар тұратын. Әбден шіріп, су ұстамайтын болып кеткен еді. Әрі қарай, жылу құбырларын тазалап, жудық. Сөйтіп қыста үйлерге жылу жақсы келе бастады. Одан кейін бағдарлама бойынша барлық жертөлелерді құрғату керек болды. Өйткені қай жертөлеге түссең де тізеге дейін су болатын. Біз барлық құбарлардың шүмектерін ауыстырып шықтық. Ыстық су мен суық судың бірнеше шақырымдық құбырларын, кәріз құбырларын ауыстырдық. Жертөлелерді құрғаттық. Енді міне, биыл үйлердің кіре-беріс дәліздерін жөндеп жатырмыз. Біз өзімізше биылғы жылды «Кіре-беріс дәліздерді жөндеу» жылы деп жариялағанбыз! Жыл басынан бері 16 кіре-берісті жөндеп үлгердік. Онда біз плиталарды, есіктерді, пошта жәшіктерін, жылу батареяларын ауыстырамыз, қабырғаларды ақтаймыз, сырлаймыз. Тұрғындар дән риза! Егер коопертивтің штатын ұлғайтпағанда, қор құрмағанда бұл жұмыстарды 4 жылдың ішінде атқару мүмкін емес еді, мен сізге айтайын.
- Шатырды жөндеу күрделі мәселе ғой. Осы көп қабатты бір тұрғын үйдің шатырын жөндеуге қанша теңге кетеді? Өйткені әр кооператив әр түрлі бағаны айтады!
- 800 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін жұмсалады. Жұмыс көлемі өте үлкен ғой. Егер кооператив жұмысшыларды сырттан жалдаса онда шығын бұдан екі есеге дейін көп кетеді. Ал мен штатқа жоғары білікті мамандарды алғанмын. Оларға жақсы жалақы төлеймін. Сол үшін де біздің жұмыс басқа кооперативтерге қарағанда 50 пайызға арзан болып шығады.
- Қазір кооперативтің штатында қанша адам жұмыс істейді?
- Басшылық 4 адамнан тұрады; мен, бас инженер, есепші және іс жүргізуші. Қалғандары жұмысшылар. Барлығы 20 адам. Сантехниктер, электриктер, құрылысшылар, аула сыпырушылар - барлығы солардың ішіне кіреді. Әрине, бізде 4, 5, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер бар. 20 адам аз! Бірақ сонда да үлгеріп жатырмыз. Қолдан келгенше әрбір тиынды үнемдеуге тырысамыз.
- Өзіңіз білесіз, елімізде 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы әзірленген. Ол қазір біртіндеп жүзеге асып жатыр. Осы жерде кейбір мамандар тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстарын пәтер иелері кооперативтеріне емес, бөлек басқарушы компанияларға беру керектігі туралы ұсыныстар айтып жатыр. Осыған сіздің көзқарасыңыз қандай?
- Біз өзіміздің кооперативтік жаңғырту бағдарламасын аталмыш бағдарламадан бір жыл бұрын бастағанбыз. Енді, міне аяқтап та қалдық. Иә, біреулер «бұл жұмыстарды ПИК-тің өзіне қалдыру керек», - десе, басқалар: «Жоқ тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарын басқарушы компанияларға беру керек» - дейді. Менің пікірім: ешқандай айырмашылығы жоқ! Кооператив бола ма, басқа бола ма, ең бастысы адал, сауатты басшылық болса болғаны! Егер де алаяқ біреу болса, онда бітті, барлығы ұрланады, тоналады. Жалпы, менің айтарым, басқарушы компанияда қаржыны қымқыру жолдары өте көп. Ал пәтер иелері кооперативін халық біледі. Ондағы адамдарды таниды. Сондықтан бақылап отыра алады. Ал басқарушы компанияны кім бақылайды? Мемлекеттік бағдарламаның да пысықтайтын тұстары жетерлік. Өйткені онда сметалар тым ұлғайтылып көрсетіледі. Неге? Жарайды, басқарушы компания басқара қойсын, банктен несиені ала қойсын. Жөндей қойсын. Бірақ түптеп келгенде шығындарды, қарыздарды төлеу тұрғындардың мойнына түспей ме? Яғни, жөндеу жұмыстары қымбатқа түсейін деп тұр. Еліміздің солтүстік аймағында осы бағдарлама бойынша бір көпқабатты тұрғын үйдің шатыры 13 миллион теңгеге жөнделіпті. Бұл не деген ақша! Мен бұл 13 миллион теңгеге 13 үйдің шатырын жөндеп шығар едім.
- Сіз әрбір ісіңізді тұрғындармен келісіп жасайсыз ба?
- Түсініңізші, бұл тұрғын үй коопертиві ғой. Мұнда төтенше жағдайлар, шұғыл жұмыстар көп болады. Егер де мен әрбір ісімді, басқан қадамымды тұрғындармен келісіп, солардың рұқсатын алып барып жасар болсам, онда не болғаны? Бұған қаншама уақыт кетеді, жүйкең тозады. Менің қарамағымдағы 41 үйде 2000 тұрғын өмір сүреді. Заң бойынша әр кез, бір жұмысты қолға алу үшін, солардың 66 пайызын, яғни кем дегенде 1700 адамның басын қосып жиналыс өткізуім керек. Бұл мүмкін емес қой! Сол үшін мен қазір барлық шешімді өзім қабылдаймын. Тұрғындар өздері маған барлығын сеніп тапсырып қойған. «Шамаң келгенше өзің басқар, өзің шеш, бірақ жылына бір рет біздің алдымызда есеп беріп тұрсаң болды», - деген. Бірақ мен сонда да 7 тұрғыннан тұратын кооператив басқармасымен әр кез ақылдасып отырамын.
- Жалақыларыңыз қанша?
- Мен 120 мың теңге аламын. Бас инженердің жалақысы 90 мың теңге. Сантехниктер 75-80 мың теңге алады. Аула сыпырушылар 50 мың теңге.
- Жөндеу жұмыстарын жүргізгенде айына 800 теңгеден төлеп тұрған тұрғындардың үйлерін бірінші кезекте қолға аласыздар ма?
- Әрине! Егер ақшаны дер кезінде төлеп тұрса, кез келген айда жөндеу жұмыстарын бастай береміз. Тұрғындар бұған өздері мүдделі. Мен: «Әй, 800 теңгені қашан төлейсіздер?» - деп арттарынан жүгіріп жүрмеймін. Ақша төлеген тұрғындардың үйлерін, тіпті дәліздерін қатырып тұрып жөндеп береміз! Тұрғындар мұны көреді. Сөйтеді де ақша төлеуден жалтарып жүргендермен өздері сөйлеседі. Төлеттірмей қоймайды. Біз сол төленген ақшаларды лайықты жұмсап, іске жаратуымыз керек.
- Мына жеңіп алған жеңіл автокөлікті қалай пайдаланасыздар?
- Біз оны сатып, түскен ақшаға бірнеше балалар ауласын жасамақшымыз. Бұл тұрғындардың машинасы. Сондықтан ол тұрғындардың игілігіне жұмсалады.
- Әңгімеңізге рахмет!