Бүгінгі кейіпкеріміз Жумадулла Абдулхаковты нағыз «Еңбек адамы» десек болады. Ол Түркістан облысы Сауран ауданы Қарашық ауылында туып-өскен. Жас та болса, бас бола біліп, өзгеге үлгі көрсетіп, үздік ұстаз қатарына қосылып отыр. Ол адал еңбегінің арқасында үлкен жетістікке жетті.
«Ұстаздық жолға жоғары сыныптарда қызыға бастадым, оның үстіне математика пәні ұнайды. 6 сыныпқа дейін ауылдағы мектепте оқыдым, 7 сыныпта Кентау қаласындағы білім-инновация лицейіне түсіп, (бұрынғы қазақ-түрік лицейі) орта білімді лицейде алдым. Мектепті бітірген соң Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің (қазіргі Ахмет Ясауи университеті) математика мамандығына бакалаврға түстім. Жоғары біліммен қатар білім-инновация лицейінде тәрбиеші қызметін қоса ала жүрдім. Университетті бітірген соң сол лицейде математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолым басталды. Одан әрі жоғары білім алуды жалғастырып, физика мамандығы бойынша магистратураға грантқа түсіп, екі жыл оқып шықтым», - деді Жумадулла Абдулхаков.
Қиын да, мәртебелі де ұстаздық жолын туған өлкеден бастаған Жумадулла еліміздің бірнеше өңірінде жұмыс істеп үлгерді, қазір Көкшетау қаласында еңбек етіп жатыр.
«Білім-инновация лицейлері ротация жүйесімен жұмыс істейді, сол бойынша мені Ақтөбедегі білім-инновация лицейіне ауыстырды. Ол қалада үш жыл жұмыс істедім, 2021 жылы мені Көкшетау қаласына ауыстырды, қазір осы қалада еңбек етіп жүрмін. Ұстаздық жолды таңдағаныма еш өкінбеймін, себебі ұнайды, кейде ойлаймын егер басқа мамандықты таңдасам, мүмкін жұмыстан рахат алмас па едім», - дейді ол.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, Жумадулла абыройы мен жауапкершілігі мол өмірлік жолды таңдағанына өкінбегенін айтады. Дегенмен педагог балаға тәрбие мен білім берудің оңай шаруа емес екенін де айтып қалды.
«Ұстаз болуды енді бастағанымда көп құжат мәселесі бар еді, оқушылармен тікелей жұмыс істеуге уақыт аздық ететін. Қазір бізден талап ететін құжаттардың саны көп емес және олардың дені электронды форматқа ауысқан. Ең бастысы балаларға уақыт бөлуге мүмкіндік болды, яғни қосымша сабақ өткізуге уақыт бар. Қазір мұғалімдерге барлық жағдай жасалған. Бірақ, мен ұстаз болу мамандығын таңдағанда материалдық, басқа да мақсаттарды көздеген жоқпын, ең бастысы мамандығым, жұмысым ұнайды. Әрине, салыстырмалы түрде бұрынғыға қарағанда қазір мұғалімдердің жағдайы әлдеқайда жақсы. Әр мамандықтың қызығы мен қиындығы қатар жүреді. Кезінде сынып жетекшім айтатын, қандай мамандықты таңдасаң да, сол саланың үздігі болуға тырыс, үздік мамандыққа сұраныс үнемі жоғары», - дейді көкшетаулық мұғалім.
Сонымен қатар тәжірибелі ұстаздан интернетке таңылған, қолынан смартфон түспейтін балаларды білімге құштар ету жолдарын сұраған едік.
«Алғашқы жылдары сабақты тақта және бордың көмегімен түсіндіретін едік, ол біріншіден балаларға қызық емес, екіншіден сабақты түсіну қиындық туғызатын еді. Қазір интерактивті тақта, заманауи компьютердің көмегімен өз пәніңе қатысты түрлі бағдарламаларды қолдануға болады. Сабақтың тақырыбына қарай тиімді, балалардың қызығушылығын оятатын бағдарламаны таңдап қолданамын, себебі алгебра, геометрия пәндерінің оқушыларға түсінуге қиынға соғатын тақырыптар бар. Одан қалды ойын тәсілдері арқылы оқушылардың ынтасын ашуға болады, өйткені тақырыпты түсіндіруге бірден кірісіп кетпей, алдымен балаларды сабақ тақырыбына қызықтырған жөн», - деген оймен бөлісті Жумадулла Абдулхаков.
Ерен еңбек еленеді демекші, еліміздің үздік ұстаздарының қатарынан көрінген Жумадулла Абдулхаковтың жеке жетістіктері жетерлік, оқушылары да біраз биікті бағындырған. Атап айтқанда, ұстаз шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалардың талай рет жеңімпазы атанды. Бүгінде мұғалім жұмысын жалғастырып жаңа мақсатқа жету жолында еңбек етіп жатыр. Нағыз заманауи "Еңбек адамы" осындай болса керек.
«Қазақстан мұғалімі» республикалық байқауына осыдан екі жыл бұрын қатысуым керек еді, бірақ уақтылы құжат жинап үлгере алмадым, биыл қатысу бұйырыпты. Байқау бірнеше кезеңнен тұрды, облыстық деңгейдегі сынақтан өткен ұстаздар республикалық байқауға қатысуға жолдама алды. Ақтық сынақ Астана қаласында болды, біз бөгде мектептің оқушыларына сабақ бердік және тәуелсіз комиссия сабақты бірнеше категория бойынша бағалады. Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша ел бойынша 30 үздік педагог таңдалып алынды және марапатталды. Байқауға қатысқанда әрине, қобалжу болды, әсіресе танымайтын оқушыларға сабақ бергенде, себебі танымайтын сынып, танымайтын балалар мені, сабақты қалай қабылдайды деген ой мазалады. Шыны керек, бір күн бойы тәбетім болмады, сабақ басталған соң бәрін ұмыттым. Сабақ ойдағыдай өтті, әділқазылар оң бағасын берді, содан соң жеңістен үміттендім», - деп ерекше сәтпен бөлісті үздік ұстаз.
Оның айтуынша, мұғалім мамандығы өте жоғары жауапкершілікті талап етеді. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятуда ұстаздың орын ерекше.
«Педагог мамандығын таңдамас бұрын, жақсылап ойланып, мамандықты шынымен жақсы көруі тиіс. Ол сыныпқа кірген сәттен бастап сезілуі тиіс, мысалы, бір сыныпта шамамен 25 оқушы бар, ал сабаққа 45 минут уақыт беріледі, сол уақыт ішінде әр балаға назар аударып, білім беру керек. Жұмысыңды ұнатып, ынтамен істесең, ол алға басады. Әрине, білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс, оның ішінде патриоттық тәрбие де бар. Патриотизм қарапайым нәрседен басталады, мысалы, мектеп мүлкіне зиян тигізбеу, қоршаған ортаны ластамау деген секілді сезім, жауапкершілікті ояту арқылы патриот болуға тәрбиелеген жөн», - дейді ол.