Бұл туралы бүгін Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов Естай атындағы мәдениет сарайында өткізген халыққа есеп беру кездесуінде мәлім етті, хабарлайды pavlodarnews.kz.
-Павлодар мен Ақсу қалаларын қысқа жолмен байланыстыратын көпірдің құрылысы қарқынды жүруде. Бұл көпір тек Павлодар облысына ғана емес, бүкіл Қазақстанға да зор септігін тигізеді, - деп атап өтті қала басшысы. - Қазіргі күні жалпы жобасы 53,9 млрд теңгені құрайтын нысанның аркасына монтаж жұмыстары жүргізілуде, - деді Б. Бақауов.
Еске сала кетейік, Павлодар облысындағы ұзындығы 12,3 шақырым ең үлкен көпір республикалық "Орталық-Шығыс" төрт жолақты автобанның бір бөлігіне айналады. Жаңа құрылыс Қазақстанның орталық бөлігін Ресей елінің көршілес жатқан өңірлерімен байланыстырады. Нәтижесінде жаңа жол бағыттары Павлодар қаласындағы транзиттік көліктерден болатын жол кептілісін азайта түсуге мүмкіндік бермек.