Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ернұр Әйткеновтің айтуынша, павлодарлық картопты сату акциясы тағы бірнеше күнге созылады. Өнім келісінің орташа бағасы - 35 теңге шамасында.
- Жәрмеңке қорытындысы бойынша «Алтынды ПВ» ЖШС астаналық «Laim Group Company» ЖШС-мен 2100 тонна, алматылық «Метро» сауда кешенімен екі мың тонна, «АПК Үміт» ЖШС-мен үш мың тонна және «АзияАгроХолдинг» ЖШС-мен мың тонна картоп тасымалдау жөнінде келісімшарт жасасты. Ал «Ақтоғай-Агро» ЖШС «Атырау» ӘКК-на мың тонна көкөніс жеткізетін болады. «Маяк» ШҚ «АПК Үміт» ЖШС мен «Атырау» ӘКК-на екі мың тонна өнім тасымалдау туралы бітімге келді. «Агросоюз» ФК «Атырау» ӘКК-на екі мың тонна картоп сататын болды. Аталған кәсіпорын жергілікті «Лейла» ШҚ-нан да осындай көлемде өнім сатып алды. «Тоғаз ШҚ» ЖШС Шымкенттегі «Зурпиева Ж.М» ЖК-не мың тонна «екінші нанды» тасымалдамақ. Сондай-ақ «Андас» ШҚ-ның алқаптарында өсірілген үш мың тонна картоп «Атырау» фирмасына, «Кеңес Агро» ЖШС-нің төрт мың тонна өнімі Астана қаласына жөнелтілмек, - дейді басқарма басшысы.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде өнімді Ресейге тасымалдау жөнінде бірде бір келісім жасалмаған. Алайда, бүгінгі жәрмеңке жұмысына қатысқан Омбы және Тюмень қалаларының кәсіпкерлері павлодарлық картопқа қызығушылық танытқан.