Павлодар мемлекеттік университетінде оқу орнының 50 жылдығына арналған айлық басталды

ПАВЛОДАР. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде оқу орнының 50 жылдығына арналған мерекелік айлық басталды.

«Біздің университет соңғы онжылдықтарда өңірдегі ғылымның, жоғары білімнің, мәдениет пен спорттың орталығына айналды. Республикамыздың жоғары оқу орындарының рейтингінде Павлодар университеті алдыңғы орындарда - бұл оқытушылар мен біздің үздік студенттеріміздің ортақ жетістігі», - дейді университет ректоры Ерлан Арын.

1960 жылы индустриялық институт ретінде құрылған оқу орны энергетика, машина жасау және металлургия салалары үшін мамандар дайындаған. Кейіннен оның негізінде университеттің құрылуы оқу орнының гуманитарлық, экономист және педагог мамандарды дайындау жөніндегі мүмкіндігін едәуір кеңейткен.

Өткен жарты ғасырдың ішінде оқу орны 50 мыңдай білікті маманды дайындап шығарды. Оның түлектері бүгінде танымал ғалымдар, кәсіпорындардың жетекші басшылары, мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері атанып отыр.