Павлодар облысында полицей әкімшілік істі өзгерткені үшін жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақсу қаласында полицей пара алып, әкімшілік істегі дәлелдерді бұрмалағаны үшін сотталды. Ол көлік жүргізу құқығы жоқ әрі мас күйінде жол апатын жасаған әйелдің әкімшілік қамақтан құтылуына көмектескен.

Фото: ҚР ІІМ

Павлодар облысы прокуратурасының мәліметінше, әйелге қатысты әкімшілік іс қаралған кезде сотқа оның жүкті екені туралы медициналық анықтама ұсынылған. Осы құжат негізінде әкімшілік қамақ жазасы айыппұлға ауыстырылған.

Алайда кейін жүргізілген тексеру барысында жүктілік туралы анықтаманың жалған екені анықталған.

— Тергеу нәтижесінде полиция қызметкерінің пара алғаны және әкімшілік іс бойынша дәлелдемелерді бұрмалағаны дәлелденді. Сот оны кінәлі деп танып, 6,6 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте және өзге де лауазымдарда жұмыс істеу құқығынан айырылды, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, сотталған қызметкер арнайы атағынан айырылып, пара ретінде алған ақшасы мемлекет кірісіне тәркіленді.

Сот Павлодар облысы прокуратурасы қызметкерлерінің жұмысына оң баға беріп, жеке қаулы шығарды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Астанада жалған құжатпен 18 талапкерді алдаған адам сотталды.