Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып Нұржан Әшімбетов тағайындалды

ПАВЛОДАР. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның өкімімен оның ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша орынбасары болып Нұржан Әшімбетов тағайындалды, деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметі.

Н.Әшімбетов 1969 жылы Павлодар облысы, Лебяжі ауданының Черное ауылында дүниеге келген. Алматы зооветеринарлық институтын, сондай-ақ экономика және статистика институтын зооинженер және есепші-экономист мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын Павлодардың мемлекеттік мүлік бойынша аумақтық комитетінде, содан кейін «Карана» бірлестігі американдық халықаралық даму агенттігінің кеңесшісі болып істеген.

1997 жылдан 1999 жылға дейін - өндірістік кооперативтің төрағасы, Лебяжі ауданы агрофирмасының директоры болды. 1999 жылдан 2008 жылға дейін - Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары, Лебяжі ауданының әкімі, Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып қызмет еткен.

2008 жылдан 2009-ға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып жұмыс істеді. 2009 жылдың қазан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін - Петропавл қаласының әкімі.