Павлодар облысында 123 балл жинаған мектеп түлегі ҰБТ-ның арқасында әкесін жұмысқа орналастырған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық бірыңғай тестілеуде 123 балл жинаған Павлодар облысының Май ауданындағы жалпы орта білім беру мектебінің түлегі Сағидолла Сәкен үздік нәтижеге қол жеткізіп қана қоймай, әкесін жұмысқа орналастырған.

«Сағидолла Сәкен үш жыл қатарынан орыс тілінен облыстық олимпиадаға қатысып жүрген болатын. Бірде ол: «Биыл мен қазақ тілінен жарысқа баратын боламын. Себебі ұстазым жоғары санатқа өтуі керек», деді. Шынымен де айтқанындай, бірінші орынды жеңіп алды. Білім жолына түскен шәкірт қыс бойы алдын ала тестілеуде 120 баллдан жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Жуырда ол мектеп директорына келіп: «ҰБТ тапсыратын сәт те жақындап қалды. Ал маған сынақ кітапшаларын сатып алу керек», деп ата-анасының біреуін жұмысқа орналастыруды өтінген. Баланың өтінішін жерге қалдырмай, көмектесуді жөн көрдік. Әкесі күзетші болып жұмысқа орналасты. Сағидолла ҰБТ-да 125 ұпай алуға уәде бергенмен, 123 баллға қол жеткізді. Жоғары ұпайға орыс тілінен небәрі екі балл жетпей қалды. Алайда бұл біз үшін жақсы нәтиже. Сағидолла «Алтын белгісін» ақтап, ешбір конкурссыз кез келген жоғары оқу орнына түсуге жолдама алды», - дейді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Тұрсын Әлібекова. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Май ауданында биыл 62 оқушы 11 сыныпты бітірген. Олардың 45-і (72 пайызы) ҰБТ тапсырып, 82,93 орташа баллды көрсетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.