Павлодар облысында ауыл оқушылары арасында хоккейден спартакиада басталды

ПАВЛОДАР. 5 ақпан. ҚазАқпарат - Солнечный кентінде, Ақтоғай, Тереңкөл және Красноармейка ауылдарында Павлодар облысының 75 жылдығына арналған оқушылардың 12-ші қысқы спартакиадасы бағдарламасы бойынша шайбалы хоккейден аймақтық жарыстар басталды, деп хабарлады білім беру басқармасынан.

Мұз айдынына 12 аудандық құрама шығып, ақтық кезеңге жолдамалар үшін бақ таластырды.

Аймақтық жарыстардың жеңімпаздары - Баянауыл, Железин, Ертіс, Қашыр, Павлодар, Шарбақты аудандарының, Ақсу және Екібастұз ауылдық аймақтардың командалары облыс жеңімпаздарын 22-24 ақпан аралығында Павлодарда анықтайды.

Ақтық ойынның нәтижесі бойынша Астанадағы мектеп және колледж оқушыларының VI республикалық қысқы спартакиадасына баратын аймақтың құрама командасы жасақталады.