Павлодар облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың Жол картасы бекітілді

ПАВЛОДАР. 2 қараша. ҚазАқпарат - Павлодар облысында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудың Жол картасы жобасы аймақ басшысы Ерлан Арынның төрағалығымен өткен әкімдіктің кеңейтілген отырысында қаралып, бекітілді, деп хабарлады әкімнің баспасөз қызметінен.

«Жобаның ішінде 30 іс-шара бар», - деп атап өтті облыстың ішкі саясат басқармасының жетекшісі Бауыржан Қапенов. - Оған барлық қалалар мен аудандарда жастар бастамаларын дамыту орталықтарының, Павлодарда Жастар үйі мен Ертіс бойында халықаралық жастар лагерінің ашылуы сынды істер кіреді. Жастарды қолдау үшін жасалған ұсыныстардың бірі - қоғамдық көлікпен жүруде студенттер үшін жол ақысын төлеуде жеңілдік жасау.

Отырыс барысында, сонымен бірге, жол бойындағы апаттарды азайтуға, облыста инфляцияның өсуін шектеуге байланысты сұрақтар қаралып, шаралар белгіленді.