Павлодар облысында полицейлер мектеп автобусы мен жеңіл көліктің соғылуының алдын алды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Соққыны өздеріне қабылдаған Екібастұз полицейлері мектеп автобусы мен жеңіл көліктің соқтығысуының алдын алды, деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінен.

Құрамында Арғын Қуанов пен Нұрлан Зәкенов болған Екібастұз ІІБ жол полициясы батальонының экипажы облыс орталығынан оқушыларды тасымалдаған автобуспен ілесіп шыққан. «Қызылорда-Павлодар» тас жолында «Тойота Марк-2» көлігінің 27 жастағы жүргізушісі ережені бұзып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Көліктің автобусқа соғылуына кедергі келтіру үшін тәртіп сақшылары соққыны өздеріне қабылдаған. Автобуста ересектер мен 50-ден астам оқушы болған. Жол-көлік апаты салдарынан түрлі жарақат алған полицейлер Екібастұз қаласының орталық аурухананың травматологиялық бөліміне жеткізілді. Автобус жолаушылары жапа шекпеді. Патрульдік көлік апаттан соң жөндеуге жарамсыз болып қалды.