Павлодар облысында ұрланған 50-ге тарта жылқы Ресей шекарасынан 3 шақырым жерден табылды

АСТАНА. 24 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Павлодар облысынан ұрланған 50-ге тарта жылқы Ресей Федерациясының шекарасынан 3 шақырым жерден табылды.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.

Қ. Жұмановтың атап өткеніндей, Павлодар облысының полиция бөліміне Қаракөл және Пресное ауылдарының тұрғындарына тиесілі жылқыларды ұрлап кеткені туралы арыз наурыз айының басында келіп түсті.

Сол күні табыншы 226 бас жылқыны қараусыз қалдырып кеткен. Келесі күні ол 52 бас жылқының жоқ екенін анықтайды. Екі күн өз бетінше іздеп көргеннен кейін, полицияға арызданған.

«Өткен аптада жедел-іздестіру іс-шараларының барысында полиция қызметкерлері Ресей Федерациясының шекарасынан 3 шақырым жердегі Успенск ауылында 49 бас жылқыны тапты. Кейіннен жәбірленушілер оларды танып, жылқылар иелеріне қайтарылды. Қазіргі уақытта осы қылмысты жасаған адамдарды анықтауға және ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде»,-деді Қ. Жұманов.