Жергілікті БАҚ сұрақтарына сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Арыслан Әбдіқалықов, Павлодар әкімі Оразгелді Қайыргелдинов пен ІІД-нің бастығы Сұлтан Күсетов жауап берді.
«Қалада абаттандыру бойынша жұмыстар аяқталуға таяу. Тұрғын үйлер және әлеуметтік ғимараттар жөндеуден өтті, көшелерде элетр қуатын үнемдейтін диодтық шамдар қойылды, үйлердің көркемдік жарықтандырылуы өткізілді, жағалаудағы жұмыстар аяқталуда, келесі аптада түрлі-түсті музыкалық субұрқақтары іске қосылады», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Ерлан Арын форум күндерінде жоғары мәртебелі қонақтардың қатысумен «КЭЗ» АҚ-ның аумағында салынып жатқан анод зауытының бірінші кезегі іске қосылатынын айтты. Бұл импортты алмастыратын өндіріс - жеке анодтар қазақстандық алюминийдің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Президенттерге сондай-ақ жаңа аймақтық кардиохирургиялық орталық таныстырылады. Мұнда заманауи жабдықтар орнатылған, форум қарсаңында науқастарға қазақстандық және ресейлік хирургтар бірігіп ота жасайды.
Форум күндері Павлодарда спорттық кешен ашылады, сонымен бір уақытта «он-лайн» режімінде қонақтар осындай ірі нысанның Ақсуда да ашылуын тамашалай алады.
Екі ел Президентінің қатысуымен Қазақстанның солтүстігіндегі ірі «Дата-орталықты» ашу көзделуде, оған «Яндекс», «Mail.ru», «Гугл» қызығушылық танытып үлгерді.
Облыс әкімі қалада тараған өсек-аяңдарға көңіл бөлді. Ол павлодарлық аймақта ядролық қалдықтарға арналған қойманы ашу туралы «ақпаратты» жоққа шығарды. Осыған ұқсас ештеңе талқыланған да жоқ.
ІІД-нің бастығы С.Күсетов форум күндері мектептер мен дүкендердің жұмыс істемейтінін, тұрғындарға балкондарға шығуға тыйым салынатыны туралы тараған өсек-аяңды теріске шығарды. Ол павлодарлықтардың қалыпты режімде тұратынын, құқық қорғау күзеті жеке күштермен жүргізілетінін мәлімдеді. Жолдағы қозғалыс тек үкіметтік салтанатты шерудің кезінде ғана тоқтатылады.
«Учаске» жедел-алдын алу шарасы тек Павлодарда ғана емес, елдің басқа аймақтарында да өткізілуде. Полицейлер тіркелмеген қаруды және қалада заңсыз тұрып жатқан адамдарды анықтау үстінде.
Журналистер барлық сұрақтарына нақты жауаптар алды.