Павлодар облысының әкімі Азия параойындарының жеңімпазы Д.Лиге 1,5 млн. теңгенің сертификатын табыстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен Азия параойындарының 400 метр қашықтыққа жүзуден жеңімпазы Дмитрий Викторович Лимен және оның жаттықтырушысы Евгений Владимирович Заречневпен кездесті, деп хабарлайды облыс әкмідігінің баспасөз қызметінен.

Дмитрий Ли Азиада ойындарында 5 медаль иеленді, оның ішінде 1 алтын және 4 қола медаль бар. Атап айтқанда, ол Азия параойындарында 400 метр қашықтыққа еркін жүзуден алтын медаль, сондай-ақ 100 метр қашықтыққа баттерфляй жүзуден, 50 метрге еркін жүзуден, 100 метрге еркін жүзуден және 4х100 метрге еркін жүзу эстафетасында қола медаль жеңіп алды.

Аймақ басшысы Д.В.Лиге 1 500 000 теңгенің, ал оның жаттықтырушысы Е.В.Заречневке 250 000 теңгенің сертификатын табыс етті. Спортшыларды марапаттауға демеушілік көрсеткен павлодарлық «Казэнергокабель» кәсіпорны болды. Қанат Бозымбаев спортшы мен оның тәлімгеріне жетістіктері үшін алғыс айтып, болашақ жарыстарда тек жеңіске жетулеріне тілектестік білдірді.

Азиада жеңімпазы Дмитрий Ли 1996 жылы туған. Ол Қазақстан Республикасының жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР Ұлттық құрама командасының мүшесі, 2011 жылы Шарджа қаласында (БАӘ) өткен мүмкіндігі шектеулі жандардың Дүниежүзілік ойындарының қола жүлдегері, 2013 жылғы Куала-Лумпур қаласында өткен (Малайзия) Азия жарысы параойындарының 4 мәрте жеңімпазы, 2014 жылғы Стацканал қаласында (Нидерланды) өткен мүмкіндігі шектеулі жандардың Дүниежүзілік ойындарының алтын медаль иегері атанған, Қазақстан Республикасының чемпионы.

Естеріңізге сала кетейік, Азия параойындарына Павлодар облысынан 7 спортшы қатысты. Олар үстел теннисі, оқпен ату, жүзу және пауэрлифтингтен сайысты.