Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев ENRC директорлар Кеңесінің төрағасы Александр Машкевичпен кездесті

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-да ENRC директорлар Кеңесінің төрағасы Александр Машкевичпен кездесті, деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің сайты.

Кездесуде индустрияландыру, инновация және әлеуметтік саясат және т.б. бірқатар мәселелер талқыланды.

«Біз ENRC тобына кіретін кәсіпорындар бойынша мәселелерді талқыладық. Алдағы екі айда бизнес-жоспар әзірленіп, соған сәйкес энергетика саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде энергоблоктар мен цехтарды жаңғырту бағыттары анықталатын болады», - деп атап өтті облыс әкімі. Оның айтуынша, облыс әкімдігі алюминий өндірісі үшін тарифтік реттеу проблемаларын шешуге көмек көрсететін болады.

«Елбасының биылғы Жолдауында біздің алдымызға қойылған мақсаттарға сәйкес, қаланың ірі кәсіпорындарының жанынан шағын және орта бизнес кластерін қалыптастыру міндеті тұр. Бүгінде жаңа жұмыс орындарын ашу, ШОБ-тың жүздеген кәсіпорындарын құру жөніндегі бірлескен бағдарламаны әзірлеуге келістік. Бұл үшін облыс әкімдігі «БЖК-2020» бағдарламасы бойынша тиісті инфрақұрылымы бар өнеркәсіптік алаңдарды бөлуді қамтамасыз етсе, ал Еуразиялық топ, өз тарабынан аймақ өндірістерінің кезек күттірмейтін ішкі сұраныстарын қамтамасыз ету бойынша ұзақ мерзімді келісімшарт жасауға барынша ықпалдасатын болады», - деп атап өтті аймақ басшысы Қанат Бозымбаев.

Сонымен қатар кездесу барысында экологиялық және табиғатты қорғау бағытындағы іс-шараларды жүзеге асыру тақырыбы да талқыланды. Бұл мәселеде облыс басшысы ENRC тобына кіретін кәсіпорындар алдына экологияға қатысты өте қатаң талап қойды. Сол сияқты әлеуметтік саясат мәселесі де сөз болды.

Бұл мәселеге қатысты Еуразиялық компаниялар директорлары Кеңесінің төрағасы Александр Машкевич: «Талаптар орындалатын болады. ENRC тобы Қазақстанда экологиялық іс-шараларды іске асыру бойынша көш басында. Экологиялық қауіпсіздік - біз үшін кезек күттірмейтін міндет. Сондай-ақ кәсіпорындардағы әлеуметтік ахуал - біздің басты міндетіміз. Бұл мәселеге ENRC тобы қолдау көрсетері сөзсіз», - деді.