Павлодар облысының шағын және орта бизнесін дамытуға қазақстандық қамту бағдарламасы көмектесуде

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат - Ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындар Павлодар облысының тауар өндірушілерімен 3,7 мыңнан астам келісімшарт жасады, деп хабарлады облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев облыстық мәслихат сессиясында сөйлеген сөзінде.

Шағын және орта өндірістер жалпы сомасы 222 миллиард теңгенің өнімдерін дайындаулары керек. Былтыр 113 миллиард теңге сомаға 2,2 мың ғана келісімшарт жасалған болатын.

Ұлттық компаниялар мен ірі фирмалардың тапсырыстары облыстың экономикалық белсенді халқының 19 пайызы - 81 мыңнан астам адам айналысып отырған кәсіпкерлікті дамытуға айтулы үлес қосып отыр.

Бүгінде аймақта шағын және орта бизнеспен айналысып отырған белсенді кәсіпорындардың саны 20 мыңнан астамды құрайды.