Оқиғаға 12 жасар қыздың қатысы бар болып шықты. Ол балконда тұрып мұз кесегін сындырмақ болғанда, қолынан абайсызда шығып кетіп төмен құлаған.
— Оқиғаға 12 жастағы жасөспірім қыздың қатысы бары анықталды. Өзінің айтуынша, балконда тұрып мұз кесегін сындырмақ болған. Алайда мұз қолынан абайсызда шығып кетіп, төменге құлап, өтіп бара жатқан әйелге тиген. Оқиғадан қорыққан балалар болған жағдай туралы ересектерге айтпаған және ата-аналарынан жасырған, — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.
Баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ата-аналары болған жағдайды толық мойындап, өкініш білдірген.
Тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін үнемі түсіндіріп, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен ана Павлодардағы № 1 қалалық ауруханада ем қабылдап шыққанын хабарлады. Әйелдің сол жақ самайы жарақаттанған.
— Жараға бастапқы хирургиялық өңдеу жүргізіліп, асептикалық тігістер мен таңғыш салынды. Пациент нейрохирургия бөлімшесіне жатқызылды. Алтыншы тәулікте жағдайының оң динамикасымен үйге шығарылды, — деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасынан.
Бұған дейін Павлодарда жас анаға мұз кесегін лақтырып, басын жарған тұрғын іздестіріліп жатқанын жазған едік.