Тұрғындардың салық органдары алдындағы берешегін өтеуге 1 қазанға дейін уақыт бар. Ол уақыттан асып кетсе, іс жеке сот орындаушыларына жетіп, өсімпұл пайда болатынын салықшылар ескертеді.
«Біздің облысымыздың 60 мыңнан астам тұрғынында мүлік салығы бойынша 35 млн теңгеден асатын берешегі бар. Жеке тұлғалардың иелігіндегі мүліктер бойынша 2023 жыл үшін жалпы салық 330 млн теңге болды. Мүліктің бірнеше иесі бар болса, бір адам төлесе салығы есептеледі. Өткен аптадан бастап қағаз түбіртектерді мекенжайларға жеткізу жұмыстары жүріп жатыр», - деп хабарлады өңірлік Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының бас маманы Миргүл Мәжімова.
Салықтың бар-жоғын, сомасын мобильді қосымшалардан тексеріп, төлеуге болады. Мүлік салығы 1 қазанға дейін өтелмеген жағдайда, салық қана емес оның өсімпұлын төлеу керегін ұмытпаңыз. Салық төлемегендер банк қызметтерін ала алмайды. А, салық бұйрығы шыққаннан кейін шетелге шығуға болмайды. Сондықтан ертерек қамданған жөн.
Еске сала кетейік, Жаңа Салық кодексі бойынша міндетті төлемдердің саны қысқарады.