Павлодарда бірқатар басқармаларға жаңа басшылар тағайындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысы әкімінің өкімімен облыстың негізгі басқармалары бойынша бірнеше кадрлық өзгерістер орын алды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайтында.

Атап айтқанда, облыстық Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болып Дәулет Қайырұлы Мұстафин тағайындалса, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып Нефедова Наталья Владимировна тағайындалды. Д.Мұстафин осы кезге дейін Павлодар облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті басшысының орынбасары міндетін атқарып келсе, Н.Нефедова облыстық Балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы болып қызмет атқарған.

Ал Павлодар облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып «KEGOK», «КОРЭМ», «ТАТЭК» ұлттық компанияларында басқарушылық лауазымдарда болған Жеңіс Шылбынұлы Тұяқов тағайындалды.

Сондай-ақ облыстық Кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасы басшысының жаңа орынбасары қызметіне орта және шағын бизнес саласында тәжірибесі мол белгілі кәсіпкер Бабенко Александр Витальевич бекітілді.