Павлодарда елсіз далада жоғалып кеткен ер адам әлі іздестіріліп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 1968 жылы туған азамат жергілікті шаруашылықтардың бірінде егін алқабын күзеткен. Қазіргі уақытта полиция мен төтенше жағдайлар қызметі іздестіру жұмыстарын бірлесіп жүргізіп жатыр.
Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті 5 қарашада із-түссіз жоғалған 1968 жылы туған ер азаматты іздестіру жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын хабарлады.
- Бірлескен іздестіру шаралары Ақсу қаласына қарасты Еңбек ауылының дала аймағында ұйымдастырылды. Іздестіруге департаменттің 28 қызметкері, 8 техника, ұшқышсыз ұшу аппараты және 2 кинологиялық есеп тобы жұмылдырылды. Қиын әрі шалғай аумақтарды тексеру үшін, адам ізі болуы мүмкін деген жерлерді жедел анықтауға мүмкіндік беретін ұшқышсыз ұшу аппараты белсенді қолданылды, - деп мәлімдеді департаменттен.
Кинологиялық есептегі қызметтік иттер із кесу арқылы көптеген учаскені тексеріп шыққан.
Іздестіру шаралары әлі де жалғаса бермек.
Еске сала кетейік, Жетісуда жоғалған балықшылар табылды.