Павлодарда қауіпсіздік белдігін тақпай, дөрекілік танытқан азамат 20 тәулікке қамалды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ол бұған дейін әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер барысында қауіпсіздік белдігін тақпай, көлік жүргізетінін көрсетіп мақтанған. Жергілікті белсенділердің шағымынан кейін полиция бейнежазбазбаларды тексеріп, азаматтың жеке басын анықтады.

Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл туралы өңірлік полиция департаментінен хабарлады.

- Желідегі тікелей эфир кезінде ер адам автокөлікті басқарып келе жатып, көпшілік алдында былапыт сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан. Сонымен қатар, жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған. Полиция қызметкерлері оның жеке басын жедел анықтады. Құқық бұзушы Павлодар қаласының 26 жастағы тұрғыны Аслан Амантаев болып шықты, - деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінен.

Кінәлі жігіт әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция әлеуметтік желілерде, оның ішінде тікелей эфирлер кезінде жарияланған құқыққа қайшы контент құқықтық бағалаусыз қалмайтынын ескертеді.

Еске сала кетейік, Абай облысында TikTok эфирінде балағат сөз айтқан бойжеткен қамауға алынды.