Павлодарда қыстай жауған қардың жамылғысы 2 метрге дейін жеткен

Фото: pixabay.com

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірдегі ылғал қоры нормадан 40 пайызға жоғары. Ал топырақтың тоңдануы 157 сантиметрге жеткен. Бұл көктемде кейбір елді мекендерді су астында қалдыруы мүмкін.

Ақтоғай мен Шарбақты аудандарында қыстай жауған қардың қалыңдығы 2 метрге жуықтап қалған. Бұл аудандарда жазғытұрым қар жылдам ерісе, жағдай күрделенуі мүмкін. Ақтоғайдағы Шілікті ауылының маңайында қар суы көп жиналса, ойпаңда орналасқан елді мекенді басып қалуы ықтимал.

Бұл туралы Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Қазіргі күні Павлодар, Железин, Май, Успен, Ертіс, Аққулы аудандарында қар шығару жұмыстары өте сылбыр жүріп жатыр. Әсіресе Баянауыл мен Ақтоғай аудандарында су тасқыны қаупі зор. Шалғай елді мекендерде қарды сыртқа тасу өте баяу жүруде. Жергілікті әкімдерге қар шығару жұмыстарын бір апта ішінде аяқтау тапсырылды. Сондай-ақ республикалық және өңірлік маңызға ие автожолдардағы су өткізетін құбырларды 1 наурызға дейін аршу туралы жауапты мекемелерге жүктелді», - деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.

Қазір облыста көктемгі су тасқынына қарсы дайындық шаралары пысықталу үстінде. Ықтимал жағдайларға 616 техника, 42 жүзу құралы, 198 мотопомпа әзір тұр. Ертіс өзенінің Май ауданының Қаратерек ауылы тұсындағы жағалауы нығайтылып, Ақтоғайдағы Сілеті өзенінің арна бойында топырақ үйінділері биіктетілді.