Павлодарда «Құқық тәртібі» операциясы өтті

ПАВЛОДАР. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Сәуір айының соңында ұйымдастырылған «Құқық тәртібі» операциясының үш күнінде павлодарлық полицейлер бұрындары жасалған сегіз қылмыстың бетін ашып,

екі қылмыскерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.Учаскелік инспекторлар аңшы қаруларының 1 255 иесін тексеріп, 16 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады және заңсыз сақталып келген тегіс оқпанды аңшы мылтығын тәркіледі. Полицейлер сондай-ақ бұрын сотталған 38 азаматты, отбасының шырқын бұзушы 42 отағасын, алкогольдік ішімдікке және есірткіге жақын 66 адамды профилактикалық есепке қойды. 198 адам әкімшілік жауапқа тартылды, олардың 13-і - кішігірім бұзақылықтары, 166-сы - спирттік ішімдік ішкендері, тағы екі адам - көлікті мас болып басқарғандығы үшін жауапқа тартылды. Республикада жүріп-тұру ережесін бұзған үш шетелдік азамат ел аумағынан шығарылды. Қаңғыбастықпен және қайыршылықпен айналысқан 151 адам ұсталды.