Павлодарда өткен ғасырдың 30 жылдарындағы ашаршылыққа арналған фотокөрме ашылды

ПАВЛОДАР. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Павлодарда «Достық» концерт залының фойесінде қайғылы дата - елде алапат аштықтың болғанына 80 жыл толуына арналған фотодеректі көрме ашылды.

Стендтерде - облыстың мемлекеттік мұрағаттарында сақтаулы төлтума құжаттар, аштық жылдарына дейінгі және одан кейінгі халық саны туралы статистикалық мәліметтер, куәгерлердің айғақтары. Өңірдің 1930 жылдарғы көрінісі ретінде Г.Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайының этнографиялық экспонаттары - ағаш арба, киіз үй бөліктері, әбзелдер қойылды.

Көрмеге бірінші болып келгендер арасында «Азалы жылдар жаңғырығы. Годы трагедии и скорби» ғылыми-тәжірибелік конференцияның қатысушылары - тарих ғалымдары, діни конфессиялар мен этномәдени бірлестіктердің, мәдениет және мұрағат қызметінің жұмыскерлері болды.