Павлодарда заңсыз әрекетке барған сотталушыға оқ тиіп, жеңіл жарақаттанды

АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Өткен демалыс күндері Павлодарда тиым салынған затты алу үшін негізгі қоршаудан өтпек болған сотталушы адам арқасына оқ тиіп, жеңіл жарақат алды,

деп хабарлайды Павлодар облысы бойынша қылмыстық атқару жүйе департаменті.

Осы аймақтың ҚАЖ департаментінің бастығы Н.Әлменовтың айтуынша, түн ортасында белгісіз біреу негізгі қоршаудың жанына тиым салынған зат лақтырып жіберген. Оны алу үшін сотталушылардың біреуі қоршауға қарай жүрген.

Сол кезде дабыл белгісі қағылған, оның үстіне сақшының қырағылығы да үлкен көмек болған. Заң бойынша сотталушыны көрген ол оған тоқтау туралы бұйрық берген, алайда қылмыскер оны елемеген. Содан кейін сақшы табельдік қарудан бірінші аспанға, кейін қылмыскерге оқ атқан. Қылмыскер тиым салынған затты ала алмай, тығылып қалған.

Тергеу барысында қылмыскердің кім екені белгілі болып, оған алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Оның денсаулығы қанағаттанарлық, ауруханаға жатқызудың керегі шамалы.

Осы факті бойынша облыстық ҚАЖ департаменті мен ІІМ әскери бөлімінің бөлімшесі қызметтік тексеру жүргізіп жатыр.

Жиырма үш жасар сотталушы (бұрын үш рет істі болған) айыптау изоляторына жабылды. Ол қазір ұрлық жасаған үшін жазасын өтеуде.